389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның әуе компаниялары 2021 жылы АҚШ-қа ұша алады

  • 907
  • UPD: 20:53, 21.02.2019

Биыл Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе қатынасы ашылады деген ақпар тарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Америка Құрама Штаттарының әуе компаниялары осы жылдан бастап біздің елімізге қатынайды деп жоспарланған. Қазір рейстерді субсидиялау үшін қажетті құжаттар дайындалуда. Жоба сәтті аяқталса, Эйр Астана команиясының ұшақтары мұхит асуы мүмкін.

Арман болған АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашу бір күндік жұмыс емес. Ішкі қауіпсіздік департаментінің рұқсатын алу – ұзақ процесс. Келіссөздер қазірдің өзінде басталды. Қазақстандық компания Нью-Йорк рейстерін транзит арқылы жүзеге асыруды көздеп отыр. Жалпы өткен жылы отандық және шетелдік компаниялар 14 жаңа әуе қатынасын ашты. Қазіргі уақытта Қазақстанға 23 шетелдік компания тұрақты рейстерді орындайды.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– Алғашқы кезеңде бұл рейстер шығынға батуы мүмкін. Сондықтан оларды субсидиялау мәселесін шешу қажет. Бұл қанша уақытқа созылады?

Роман Скляр, ҚР ИИД бірінші вице-министрі:

– Азаматтық авиация комитеті мен Эйр Астана компаниясы қауіпсіздік критерийлеріне сәйкес, Американың авиациялық билігінің аудитінен өтуі қажет. Бұл шамамен 2 жылға созылады. Бірінші кезеңде шетелдік компания тартылуы мүмкін. Осылайша, Американың әуе компаниялары биылдан бастап Қазақстанға ұшуды орындауға мүмкіндігі бар. Ал біз АҚШ-қа 2021 жылы ұша аламыз.

Елімізде кей әуежайлардың сапасы сын көтермейді. Бұл мәселе жайында министрліктің алқа отырысында айтылды. Жауаптылар келер жылы барлық өңірдегі әуежайларда ұшу-қону жолақтары жаңғыртылатынын атап өтті.

Роман Скляр, ҚР ИИД бірінші вице-министрі:

– Қостанай қаласы әуежайының ұшып-қону жолағын жаңғырту жұмысы басталды. Ол ағымдағы жылы аяқталады. Сонымен қатар биыл Өскемен мен Орал қалаларының әуежайларын жаңғырту басталады. 2020 жылға дейін еліміздегі барлық әуежайлардың ұшып-қону жолағын жаңғыртуды аяқтау жоспарлануда.

Өзгенің қаңсығы бізге таңсық болмауы тиіс. Өкінішке қарай кейбір шенділер мұны ескермесе керек. Асқар Мамин отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің орнына шетелден автобус сатып алуға келіскен әкімнің орынбасарын сынады.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– Облыс әкімінің бір орынбасары Түркияға демалысқа барып, қайтып келгеннен кейін түркиялық автобустарды сатып алу туралы келіссөздер жүргізеді. Ал оның дәл қасында, шамамен 200 шақырым жердегі көрші облыста бәсекеге қабілетті отандық автобус өндірісі бар. Осыдан-ақ қорытынды жасауға болады. Өңірдегі әріптестер, меніңше, бұл мәселеге барынша байыппен қарау керек.

Қазір 2018-2020 жылдарға арналған автобус тасымалын дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Автобус паркін жаңғырту мақсатында жеңілдік бар. Оған қоса бюджеттен 10 млрд теңге бөлініп, тағы 10 млрд теңге инвестиция тартылған.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы