375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шағын және орта бизнес бойынша депутаттар жаңа заң жобасын әзірлеуді ұсынуда

  • 302
  • UPD: 10:25, 26.02.2019

2050 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі кем дегенде 50 процент деңгейінде қамтылуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда өндірістік аймақтарда сала 10-12 пайыздан аспайды. Шағын және орта бизнес ірі кәсіптің көлеңкесінде қалып жатқан жоқ па? Бұл тұрғыда депутаттар жаңа заң жобасын әзірлеуді ұсынуда.

Қызылорда облысында 51 мыңнан аса кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Шағын және орта бизнес субьектілерінде 90 мыңдай жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Өткен жылы 350 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Соңғы кезде өңірде өңдеуші өнеркәсіпке бет бұрғандар көп. Жалпы аймақта 2020 жылға дейін кәсіпкерлікті қолдау жылы болып бекітіліп, түрлі қаржыландыру көздерінен жаңа жобаларды қолдауға 34 миллиард теңге бөлінді. Осылайша шағын және орта бизнесті дамыту жолға қойылып келеді.

Азамат Досжанов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұдан бөлек қазіргі таңда «Даму» қорымен бірлесіп, Жастар жылын, мүмкіндігі шектеулі, жұмыссыз жүрген азаматтарды ескере отырып, «Даму Сырдария» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыруды бастағалы отырмыз. Оған алдын ала 800 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. Қаражат 5 жылға 8% берілетін болады.

Елімізде биыл ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 28,2 процентті құрауы тиіс. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар саланың дамуына әсерін беруде, алайда кей өңірлердегі кәсіпкерлердің белсенділігі шамалы. Әсіресе, ірі өндіріс ошақтары шоғырланған аумақтарда шағын және орта бизнес алаңы кенжелеп тұр. Депутаттардың пікірінше, ірі өндірушілер шағын кәсіп иелерімен байланыс орнатуға құлықсыз.

Азат Перуашев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Шикізаттық алыптардың кірісі мен жұмыс нәтижесі артып келеді, ал шағын және орта бизнес бәз-баяғы қалпында, демек олардың байланысы жолға қойылмаған. Яғни ірі кәсіпорындар шағын кәсіпкерлердің қызметіне жүгінбейді, қаржысын шетелдік бизнес өкілдеріне жұмсайды. Бұл біздің экономикамыз үшін тиімді ме? Жоқ.

Ал білікті маман Рашид Жақсылықовтың айтуынша, ірі кәсіпорындар отандық компанияларды қамқорлығына алғаны дұрыс. Бірақ бәсекелестік ортаны ұмытпау керек. Ол үшін өңір-өңірді аралап, қажетті қызметті ұсынушылармен тығыз байланыс орнату қажет.

Рашид Жақсылықов, мұнай-газ саласында қызмет көрсететін компаниялар одағының төралқа төрағасы:

– Біздің кәсіпкерлеріміз мемлекеттік бағдарламалар төңірегінде болып жатыр. Сол жанға батады. Кәсіпкердің өзінен де ұсыныс болу керек. Дамытып алып кету жағынан кәсіпкерлер жалтақтап қалған сияқты. Өнеге көрсететін ірі кәсіпорындар қажет.

Аталған мәселені шешу үшін депутаттар «Офсеттік саясат туралы» заң жобасын әзірлеуді ұсынған болатын. Оның аясында табиғи байлықтарды қолданушылар жергілікті компания кәсіпкерлермен байланыс орнатып, өңірдің дамуына үлес қосуы тиіс. Елде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлеу қажет.

Рашид Жақсылықов, мұнай-газ саласында қызмет көрсететін компаниялар одағының төралқа төрағасы:

– Заңды қабылдамас бұрын инвесторларды тартуға мүмкіндік тудыруымыз керек. Кәсіпкерлерді дайындауымыз керек. Маман табу қиын бізде.

Қазақстанда «Эйр Астана», «Қазмұнайгаз», «Теңізшевройл» сынды ірі кәсіпорындар қарамағындағы шағын ұйымдарға қамқорлық танытып отыр. Нәтиже де жоқ емес. Ал қарастырылуы мүмкін заң жобасы тараптардың екеуара тиімді келісім жасауына негізделетін болады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы