378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында қант қызылшасының отандық сұрыптарына сұраныс көбейді

  • 216
  • UPD: 13:41, 26.02.2019

Қазақстандық ғалымдар ауылшаруашылық дақылдарының жаңа сорттары мен будандарын шығарып, саланың дамуына өз үлестерін қосуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың кейбірі шетелдік тұқымдарды артқа қалдыруда. Мәселен, қант қызылшасының отандық сұрыптары тәттілігі мен суыққа шыдамдылығы жағынан ешбір елдікінен кем емес. Бүгінде олар Алматы және Жамбыл облыстарының шаруа қожалықтарында сынақтан өткізілуде.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан. Мұндағы биотехнология зертханасының кабинетінде өсімдіктердің әртүрлі тұқымдары өсіріледі. Ғалымдар оларды жан-жақты сынақтан өткізеді. Нәтижесінде 600-ге жуық сұрыптар мен будандар шығарылған. 150-ден астамы өндіріске жіберілген. Институт мамандары бірнеше жылдан бері қант қызылшасының қазақстандық жаңа сұрыптарын шығаруға ден қоюда.

Қант қызылшасының қазақстандық сұрыптары «Айшолпан», «Ақсу», «Тараз», «Шекер» деп аталады. Бүгінде оларды Жамбыл облысындағы «Мерке» және Алматы облысындағы «Қамқорлық» шаруа қожалықтары егіп жүр. «Суыққа төзімді, демек келешекте солтүстік аймақтарда да егуге мүмкін бар», – дейді мамандар.

Раушан Ержібаева, зертхана меңгерушісі:

– Біз ол жақтағы әріптестермізбен байланыстамыз. «Айшолпан» және «Ақсу» деген сұрыптарымыздан жақсы нәтижеге жетуге болатын көрінеді. Өйткені қанттылығы ресейлік және украиналық сұрыптардан кем емес.

Ал мынау тәжірибе шаруашылығы. 1700 гектар егістік алқабы бар. Онда дәнді, майлы және техникалық дақылдардың бірнеше түрі егіліп, сынақтардан өткізіледі. Әр гектардан 35 центнер арпа, 50 центнерге дейін бидай алуға болатыны дәлелденіп отыр. Ғылыми-зерттеу институтындағылар қазірге дейін 150-ге жуық авторлық куәлік алған. Оның ішінде 110 патент бар. Енді қант қызылшасының қазақстандық сұрыптары жерсіндіріліп, одан алынатын өнімдердің мол болатындығы дәлелденсе, таяудағы 5 жылда оған деген сұраныс күрт артатын болады. «Ол шетелдік тұқымдардан арзан әрі қанттылығы жоғары, – дейді ғалымдар.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы