378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада мұнай-газ өндірісінің болашағы талқыланды

  • 276
  • UPD: 23:03, 28.02.2019

Мұнай мен газ саласының мамандары бүгін елордадағы Ritz-Carlton қонақ үйінде кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жиынға келгендер аталған бағыттағы жұмыстарды пысықтап, мұнай-газ өндірісінің болашағын талқылады.

Бизнес мақсатындағы кездесу осылай өтті. Мәжіліс залында емес, мұнай мен газ саласының мамандары дастархан басында кеңесті, кең отырып. Қайда дейсіз ғой? Елордадағы ең айтулы Ritz-Carlton қонақ үйінде. Форматы ерекше. Іскер азаматтар еркін отырып, мұнай мен газдың алдағы болашағын кеңінен талқылады. Пікір алмасты.

Арманжан Байтасов, Forbes Kazakhstan журналының шығарушысы:

- Бұл жерге бизнес ортаның белді, беделді өкілдері жиналып отыр. Қазіргі кезде уақыт маңызды. Сондықтан басты ресурсымызды үнемдеп, кездесуді дастархан басында өткізуді жөн деп санадық. Жиынға келгендер кофе ішіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылай алады.

Ерекше жиынға арқау болған тақырыптардың ауқымы да кең. Әлемдік мұнай нарығының жағдайы, болашағы, мұнай және газ өндірудің ресурстық базасын талдау, саланы кешенді дамытудың әдістемелік мәселелері сөз болды.

Әсет Мағауов, Kazenergy қауымдастығының бас директоры:

- Еліміздегі мұнай өңдейтін үш зауытта өндіріс көлемін арттыру үшін реформалар жүргізілді. Нәтижесінде қара алтын бағасының ішкі нарықтағы құны сарапшылар айтқан деңгейге жақындады. Ел ішінде мұнай тасымалымен айналысатын компаниялар да жасалған реформалардың шарапатын көріп отыр.

Бизнестік сипаттағы кездесуге қатысушылар дастархан басындағы отырыстан соң Talan Towers ғимаратының ішін аралады. Еркін жүріп, бір-бірімен сөйлесті. Өзара әріптестік байланыстарын бекемдеді. Іскер азаматтар «мұндай жиыннан күтілетін нәтиже мол», – дейді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы