387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Польшаның белді кәсіпкерлері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты

  • 983
  • UPD: 23:39, 05.03.2019

Варшавада Қазақстан елшілігінің қолдауымен бизнес-форум өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуда Польшаның белді кәсіпкерлері Ұлы дала елінің инвестициялық мүмкіндіктері, екіжақты ынтамақтастықты дамытудағы тиімді салалар мен үкіметтік қолдау шараларымен танысты.

Бұл бөлмеде табысты кәсіпкерлер, ірі фирмалардың басшылары мен инвесторларды біріктіретін Польша бизнес кеңесінің мүшелері жиналған. Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі 40-қа жуық компанияның жетекшілері еліміз туралы көбірек мәлімет алу үшін келген. Аймақтағы жетекші экономикалардың бірі – Қазақстан оңайластырылған виза тәртібінен бастап, салық жеңілдіктеріне дейін бизнес жүргізудің тиімді мүмкіндіктерін ұсынып отыр.

Біржан Қанешев, «KazakhІnvest» басқарма төрағасының орынбасары:

– Бірлескен өндіріс құрып, инвестиция жасаудың мүмкіндіктері бар. Кем дегенде 5-6 келісім жасаймыз деген ойдамын. 15 мамырда Астанада халықаралық инвестициялық форум өтеді, сонда нақты келісімшарттарға қол қоямыз.

Яцек Швайцовский, кәсіпкер:

– Қазақстанның инвестициялар мен дамуға соншалықты ашық екені маған ұнап тұр. Таныстырылымда бизнестің құқықтық мүмкіндіктері мен қалай қорғалатынын білдім. Шара өте қызық өтті. Польшаның ауыл шаруашылығы, химия мен фармацевтикасы мықты дамыған, бұл тығыз ынтымақтастық орната алатын салаларымыз. Әріптестерімнің көбісі Қазақстанға инвестиция салуды ойлап жүргенін атағым келеді.

Басқосуда «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері туралы да айтылған. Делегациямыз орталықтың жұмысы мен артықшылықтарын жан-жақты түсіндіріп берді. 

Марғұлан Баймұхан, ҚР Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Польша жағынан инвестициялық экономикалық форумға қатысу жөнінде нақты ұсыныстар түскен. Мұнда блокчейндер, электронды ақша бойынша жақсы технологиялық шешімге ие ірі компания бар. Бұл ноу-хау экономикамызға қызық болар деп санаймын. Біздің мақсатымыз – Қазақстанға инвестиция тарту және еліміздің экспортын қолдау. Осы тұрғыда Қазақстаннан зығыр жеткізу үлкен қызуғышылық тудырып отыр.

Кәсіпкерлер болашақ ынтымақтастығы жөнінде әңгімені кейінге қалдырмауды шешкен. Форум аяқталысымен, битуби форматындағы кездесулер өтіп, Польша бизнесмендері Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жобалармен танысты.

Әлімжан Ахметов, кәсіпкер:

– Біздің компаниямыз – Түркістан облысында орналасқан сүтті тауарлы ферма. Бүгінгі күнге 1200 басымыз бар. Сиырымызды Канададан және Еуропадан алып келгенбіз. 20 тоннаға жуық сүт өндіріп жатырмыз. Келесі жылы біздің фермадан күнделікті шығатын сүт көлемі 60 тоннаға жететін болады. Сондықтан ол сүтті өндеп сату үшін біз зауыт ашуды жоспарлап жатырмыз. Менің де келу себебім – серіктес тауып, осы жұмысты бірге атқару.

Көлемі жағынан Еуроодақтағы алтыншы экономикамен бірлескен Қазақстан логистика және фармацевтика салаларында белсенді жұмыс атқарып келеді. Қос тараптың машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс материалдарын өндіруге қызығушылығы бар. Осы бағытта бірлескен жобалар да белгіленген. Варшава мен Краков бизнесмендері Қазақстан аймақтарына іскерлік сапармен аттанбақ.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы