378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Табыс декларациясы 13 млн қазақстандықты қамтуы мүмкін

  • 273
  • UPD: 10:22, 06.03.2019

2020 жылдан бастап жалпыға ортақ табысты декларациялау жүзеге асуы тиіс. Оның аясында бұрын реттелмей келген ақшалай кірістер мен шығындар, сондай-ақ ірі сатып алулар толық бақылауға алынатыны белгілі. Демек бірнеше жылдар бойы айтылып және дайындығы пысықталған ауқымды жоба 13 млн қазақстандықты қамтиды деп жоспарланып отыр. Отандық сарапшылар мен экономистер не дейді?

Елде табыс пен қаражат шығындарын декларациялау – көп жылдан бері айтылып келген бастама. 2013 жылы қолға алынған ауқымды шараны іске асыру үшін бастапқыда техникалық мүмкіндіктер мен нақты ережелер жеткіліксіз болды. 2017 жылы осы мәселе кезекті рет көтеріліп, тағы 3 жылға шегерілген болатын. Себеп елді мекендерге кең жолақты интернет тартылмаған еді.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– 2020 жылға дейін елдегі ауылдар кең жолақты интернетпен толық қамтылады деп ойлау жаңсақ пікір болар. Сондықтан мүлікті жариялау формасы батыс елдеріндегідей қатаң болмайтыны түсінікті. Мәселен, ауыл тұрғындары аудан орталықтарына өздері барып, қағаз түрінде немесе цифрлық нұсқада декларация толтыруы мүмкін.

Ал экономист Сапарбай Досжанұлының айтуынша, келер жылы күшіне енетін жаңа заң - сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға құрсау болатын бірден бір қадам.

Сапарбай Досжанұлы, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Мәселен, бір үлкен сатып алу, көлік сатып алып жатсың ба, үй сатып алып жатсың ба соған келген қаражатыңды, соған келген табысыңды көрсете білуің керек. Қаяқтан келді? Сен мысалы айлығың 300 мың болатын болса, сен ертең 3 млн табыс табатын адамның қаражатын жасап, үй сатып алсаң сенен салықшылар  келіп сұрауы мүмкін. Қайдан таптың бұл ақшаны? Сонда сен дәлелдеп беруің керек. Оның жартысын жаңағы құдам берді, жартысын бір туғаным берді, жартысын ағам берді дегенде олардың өткізген ақшалары олардың декларациясында көрсетілуі керек. 

Мәселен, Батыс Қазақстанда табыс пен мүлікті декларациялау шарасына 400 мыңдай азамат қатысады деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер жөніндегі департамент мамандары салық төлеушілерге декларациялау тәртібін түсіндіріп келеді. Осы ретте тұрғындар жылжымайтын мүлік пен жер телімін, автокөлікті, банктегі салымдары мен ақша қаражаты, антиквариат пен бағалы заттарын көрсетуге міндеттелмек. Жыл бойы жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы немесе жалақыдан өзге ешқандай табыс таппаған жандар үшін де декларация үдерісінің өзіндік жолдары қарастырылған.

Тимур Төлепов, облыстық МКД Басқарма басшысы:

- Бұл декларацияның табыстау мерзімі 15 шілде қағаз түрінде табыстайтын және де электронды түрде табыс ету үшін 15 қыркүйек айынан кешіктірмей табыстауы керек. Декларацияда жалпы барлық мүліктер көрсетіледі. Сондықтан,қазір мына барлық облыс тұрғындарына айтарымыз ХҚК орталығына  барып арнайы өздерінің мәліметтерін алу керек.

Осылайша бар мүлкін жариялаудан жалтарған азаматтарға алғашында ескерту жасалады. Жағдай қайталанса декларациядан бас тартқан немесе табысының келу жолын көрсете алмағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы