378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы артты

  • 210
  • UPD: 23:35, 11.03.2019

Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2 млрд 488 млн АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 25 процентке жоғары. Баспасөз өкілдерімен өткен кездесу барысында Сыртқы Істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осылай деді. Оның айтуынша, қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында осы аптада Ташкент қаласында бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысы өтеді. Екі елдің өкілдері тауар айналымын арттыру, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық бағыттарды дамыту жайын талқылайтын болады. Сонымен қатар Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізуге қатысты бірлескен іс-шаралардың жоспары бекітіледі.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

– 15 наурызда Өзбекстан астанасында «Орталық Азия кооперациясы: өзара тиімді даму перспективалары» тақырыбында бірінші Орталық Азия экономикалық форумы өтеді. Іс-шарада Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек басқарады. Айта кетерлік жайт, аталған форум Орталық Азия елдерінің басшылары арасындағы 2018 жылғы наурызда Астанада өткен алғашқы консультативтік кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластық нәтижесінде өткізіледі.

Хабар 24 телеарнасы