375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық ісмер өнімдерін шетелге шығаруды жоспарлап отыр

  • 128
  • UPD: 10:56, 15.03.2019

Мемлекет жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге ден қойды.

Саланы ілгерілету үшін бірнеше өңірде тың жобалар жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айталық, Қостанай облысында жеңіл өнеркәсіптің өрісін кеңейтуге бағытталған «Жол картасы» әзірленген. Шығыс Қазақстанда жүн өңдейтін цех іске қосылды. Ал ақтаулық ісмер өз өнімдерін шет мемлекеттерге шығаруды жоспарлап отыр.

Теріскейдің айы оңынан туып тұр. Тауы шағылған кәсіпкерлерге енді мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге басымдық берілмек. Өңірде саланы ілгерілету үшін арнайы «Жол картасы» әзірленген. Енді ел билігі мемлекеттік тапсырысты көбейтіп, кәсіпкерлердің өнімдерін шет мемлекеттерге шығаруға ықпалдасады.

Талғат Майшин, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен жылы жеңіл өнеркәсіп орындарына арнайы тексеріс жүргіздік. Бірқатар мәселені анықтадық. Біріншіден, отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы кемшіліктер алаңдатады. Олар мемлекеттік тапсырысқа мейлінше тәуелді. Оған қоса жабдықтардың басым бөлімі тозған. Модернизациялауды қажет етеді.

Қазір аймақта киім тігетін 29 кәсіпорын бар. Былтыр олар 2,6 млрд теңгенің өнімін шығарған. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ақтаулық ісмер де зерлі шапандарды экспортқа шығаруды көздеген. Медина Сақтағанова бірнеше жылдан бері ұлттық киімдерді тігумен айналысып келеді. Қазір шағын шеберханасында 15 адам жұмыс істейді. Олар ою-өрнекпен кестеленген киімдердің бірнеше түрін тігіп, көпшілік назарына ұсынып келеді. Биыл шет елдерде өтетін сән апталықтарына қатысып, әлемге әйгілі дизайнерлерден дәріс алмақ.

Медина Сақтағанова, жас кәсіпкер:
- Біздің Елбасы осы 2019 жылын Жастар жылы деп атады. Осыған орай өзімнің атымнан, Маңғыстаудың атынан керемет шапан ұлттық нақышпен сыйлағым келеді. Соны бұйырса жүзеге асыруға еңбектенеміз.

Жеңіл өнеркәсіп елдің шығысында да өркен жайып келеді. Айталық, Абай ауданында жүн өңдейтін цех қайта ашылды. Қазір мұнда 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олар тәулігіне 3 тоннаға жуық таза өңделген жүн жуып шығарады.

Әсел Битенова, кәсіпорын жетекшісінің орынбасары:

– Ланолин жасайтын құрал-жабдық алсақ, оған шетелден сұраныс өте көп. Ланолиннен неше түрлі әтірлер жасауға болады. Содан кейін киіз басатын, пима жасайтын цех ашу жоспарда бар.

Аудандық цех осыдан 7 жыл бұрын іске қосылған еді. Бірақ сұраныс болмаған соң, қызметі тұралап қалған. Ал қазір өнімді сұратушылар көбейіпті. Таза өнімнің дені Көкшетау мен Семейге жөнелтіледі. Соңғы уақытта Ресейден де тапсырыс берушілер табылған. Сондықтан цех басшылығы қазіргі қарқынды үдетуді көздеп отыр.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы