378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«KazakhExport» ЭСК Өзбекстанда өз өкілдігін ашты

  • 117
  • UPD: 23:20, 14.03.2019
«KazakhExport» ЭСК Өзбекстанда өз өкілдігін ашты

«KazakhExport» экспортты сақтандыру компаниясы Өзбекстанда өз өкілдігін ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ташкенттегі кеңсе кәсіпкерлерге отандық тауарларды көрші ел нарығына көптеп шығаруға көмектеседі. Кеңсенің тұсаукесерінде сөз алған басқарма төрағасы Руслан Ысқақов екі ел арасындағы өзара сауда-саттықты қарқынды дамыту мақсатында атқарылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді атап өтті. Қазірдің өзінде компания қолдауымен Өзбекстанға түрлі түсті металл, химия мен тамақ өнімдері, ет және тәттілер жөнелтіп жатыр. Өткен жылдан бастап жүгері крахмалы мен сірне экспорты жолға қойылған. Ал биылдан бастап полимер өнімдерін жеткізу жоспарланған. Оған қоса Шымкенттен болат жөнелтілуде. Алдағы уақытта Қазақстанда жиналып жатқан өзбекстандық жеңіл көлікті Ресей нарығына шығару жоспарланып отыр екен. «Бұл жобаның құны жылына 100 миллион долларды құрайды», – дейді компания басшысы. Кеңсенің ашылу салтанатына орай экспорттық сақтандыру компаниясы Өзбекстандағы қос бірдей ірі банкпен қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсету жөніндегі келісімге қол қойды. Соның негізінде кәсіпкерлер тауарын жөнелтісімен, бірден төлем алуға қол жеткізеді. «Өзбекстандықтардың тауарды сатып алу мәселесі де сол ел банк есебінен қаржыландырылатын болады», – дейді мамандар. 

Руслан Ысқақов, «KazakhExport ЭСК» АҚ басқарма төрағасы:

– Екі ел арасында байланыс жоғары деуге болады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экспорт көлемі соңғы екі жылда 30 пайызға артты. Экспортталған тауарлардың басым бөлігін, яғни 65 пайызын өңделген өнімдер құрайды. Өзбекстанның жыл санап қарыштап дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл ретте құрылыс материалдарын өндіруші мен инжиниринг компанияларымыздың экспорттық мүмкіндіктері мол болып отыр.

Хабар 24 телеарнасы