389,96 432,20 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңаөзен қаласын дамытуға 2 млрд теңге бөлінеді

  • 771
  • UPD: 23:40, 15.03.2019

1 шілдеден бастап жалақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығы 30 процентке дейін артады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осыған сәйкес Маңғыстау облысында 27 мыңнан астам адамның жалақысы өспек. Аймаққа Президент тапсырмасымен барған Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова осылай деді. Үкіметтің жұмыс тобы алдымен Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен, көп балалы аналар, ардагерлер, қоғамдық ұйым мүшелерімен жүздесті. Кездесу барысында Елбасының қолға алған жаңа әлеуметтік шараларының тізбегі түсіндірілді. Шағын және моноқалаларды дамытуға үш жыл сайын қосымша 10 миллиард теңгеден берілетін болады. Жаңаөзен қаласына биыл республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінетін болды.

Жалпы, алдағы 2-3 жылда қазынадан еліміздегі әлеуметтік мәселелерге қосымша 2,3 триллион теңге қаржы бөлінеді. Алдымен ең төменгі табыс деңгейін көтеріп, ең мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіледі.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Баспана мәселесі. Әсіресе аз қамтылған отбасыларға байланысты іс-шаралар жүргізіледі. Медицина, денсаулық, білім саласында сапаны арттыру мәселесіне аса көңіл бөлінетін болады. Өңірлік даму, Маңғыстау облысына да байланысты. Ауызсу мәселесі, ішкі жолдар, сонымен қатар энергиямен қамтамасыз ету мәселелері, осы бағдарлама осы жаңа іс-шаралардың бағытында қаралатын болады. 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- 1 сәуірден бастап осы жәрдемақыларды төлеген кезде Қазақстан бойынша 20788 теңге болады. Ал Маңғыстау облысында жалақы Қазақстанның орташа жалақысымен салыстырғанда 1,5 есе көп, сондықтан ол 23750 теңге болады. Біздің болжамымыз бойынша, қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмекті 630 мың қазақстандық алып келсе, оның саны ең кем дегенде 830 мыңға жетеді.

Сапар барысында Үкіметтің жұмыс тобы қаладағы көп балалы отбасылардың үйіне барып, жағдайларымен танысты. Соның бірі – Күміс алқа иегері Жадыра Нарымбаева. Ол жақында хат тасушы болып еңбекке араласса, 6 баланың әкесі Исан Қойбағар коммуналдық қызметтен тұрақты жұмыс тауыпты. Жалпы Жаңаөзенде 4300 көп балалы ана бар. Үкімет мүшелері 400 адам еңбек ететін тігін фабрикасы мен еңбекпен қамту орталықтарын да аралады. Бүгінде мұнда қала тұрғындарын жұмысқа орналастыру ісі қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 5260 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Ажархан Тұрақова, Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда «Өзенинвест» мекемесінен 350 орын болатын 100 мың теңге көлемінде жұмыс ашылды. Және де бүгінгі таңда тұрақты жұмысқа кеткендеріміз 750 орын. Жаңадан құрылған жұмыс орындары – 1398. Тағы 41 орнымыз «Еңбек.кз» порталында жарияланып тұр. Барлығының да жалақылары 80-100 мың теңге көлемінде. Тұрақты жұмыстарымыз 546 орын, жаңадан ашылған жұмыс көздеріміз бар.

Авторы: Гүлмира Әбішева

Хабар 24 телеарнасы