389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде Қазақстанда өндірілген азық-түлік өнімдеріне сұраныс өсіп келеді

  • 694
  • UPD: 23:46, 15.03.2019

Челябі облысының сыртқы сауда айналымының төрттен бірі Қазақстанға тиесілі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Былтыр шекаралас өңірмен алыс-беріс өткен жылға қарағанда аз да болса артқан. 

Сыртқа сатылатын тауарлардың арасында көмір, темір сияқты минералды шикізаттардың үлесі басым. Дегенмен дайын өніммен көрші ел нарығына әлі де дұрыс кіріге алмай отырмыз.

Жалпы, Ресейде Қазақстанда өндірілген азық-түлік өнімдеріне сұраныс жоқ емес, бар. Мысалы, Қостанайда шығарылатын түрлі шырын, сусын саудасы Челябі облысында соңғы жылда 30 процентке өскен. Әлі де өткізу нарығын кеңейте түсуді мақсат етіп отыр.

Анастасия Пертен, компания менеджері:

- Қазақстандық сусындарға сұраныстың артуына өнім сапасы және бағасы әсер еткені анық. Жергілікті кәсіпорындармен қай жағынан бәсекелесе алады. Қазір біз Орталық Ресей және Сібірге де жіберіп жатырмыз.

Қазақстанмен алыс-беріс көрсеткіші бойынша Челябі облысы Ресейдің өзге өңірлеріне қарағанда көш ілгері. Былтыр арадағы тауар айналымы 2 миллиард АҚШ доллары шамасында болды. «Бұл көрсеткіш көлемді көрінгенімен, оның сапалық деңгейі төмен», – дейді ресейлік сарапшылар. Себебі негізгі сауда-саттықтың басым бөлігін металл және минералдық шикізаттар құрайды. Ал инновациялық және жоғары технологиялық тауарлар тым аз.

Ресми дерек көзіне сенсек, Қазақстаннан экспортқа шығарылатын негізгі 10 тауардың 9-ы қазба байлықтар немесе оның өңделген түрлері. Рас, соңғы жылда ұн, сұйық май, жарма, жұмыртқа сияқты ауылшаруашылық өнімдерінің сыртқа сатылымы 6-7 есеге өскендігі мәлім. Қостанайда құрастырылған автокөліктерді де Ресейге шығаруға талпыныс бар. Бірақ іргеміздегі алып нарыққа дендеп ендік деп әлі күнге айта алмаймыз.

Игорь Аристов, Оңтүстік Орал сауда-өнеркәсіп палатасының бірінші вице-президенті:

- Егер біз экономикалық одақ, ортақ кедендік кеңістік  шеңберінде өндірілген өнімдерді бірегей, сәйкестендірілген таңбалау нормасына көшірсек, нарықты кеңейтуге жол ашылар еді. Сонда тауардың сапасы, басқа мәліметтер екі ел аумағында біркелкі айқын көрініс табады. Бұл сыртқы бәсекелестерге төтеп берудің бірден-бір амалы.

Екі елдің шекаралас аймақтары арасында сауда-саттықты жандандырудың мүмкіндігі кең. Оған қос мемлекетте барынша жағдай жасап жатыр. Осы мақсатта Челябі облысына арнайы келген Қазақстанның Ресейдегі консулы Қонысбек Жүсіпбеков билік өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесулер өткізді.   

Қонысбек Жүсіпбеков, Қазақстанның Ресейдегі консулы:

- Бизнес қауымқа жеңілдік жасау, соларды қолдау, біраз жұмыстармен сөйлесіп, шешіп қайттық. Ауылшаруашылық өнімдер Челябіде жетіспейді. Соған кішкене біздің жақ атсалысып, осында әкелсе, биыл 10 пайызға арттырсақ жақсы болар еді.

Айта кетейік, алдағы сәуір айында Челябі қаласында қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлердің іскерлік кездесуін өткізу жоспарланып отыр. Онда айтылған ұсыныс-пікірлер үкімет қарауына жіберілмек.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы