378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығаратын жеңіл көлік санын 16 мыңға жеткізуді жоспарлауда

  • 138
  • UPD: 15:26, 16.03.2019

Ташкентте өткен Орталық Азия экономикалық форумында Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығаратын жеңіл көлік санын 16 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның он мыңын Ресей нарығына шығаруды көздейді. Алғаш рет ұйымдастырылған форумда бес мемлекет арасындағы логистикалық байланысты одан әрі жандандыру жайы сөз болды.

Орталық Азия мемлекеттері арасындағы экономикалық байланыстың жаңа дәуірі басталды. Бестік өзара күш біріктіру арқылы Ұлы жібек жолы бойындағы сауда-саттықты арттырмақ. Алғаш рет өткізілген форумда  бес мемлекет арасындағы құрлық пен теңіз байланысын жандандыру жайы көбірек айтылды. Бұл ретте Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғаушы күш болмақ. Ұлы дала еліндегі заманауи күре жол мен «Құрық» порты көршілес  мемлекеттердің теңізге шығуына жол ашты. Оған қоса уақытты үнемдеп, тасымалға кететін шығынды әлдеқайда төмендетті.

Жеңіс Қасымбек, ҚР премьер-министірінің орынбасары:

– Аймақаралық транзиттік және көлік саласындағы байланыс қарқынды дамып келеді. Бұл біздің еліміздің даму жоспарындағы негізгі бағыттардың бірі. Өйткені Орталық Азия  Солтүстік пен Оңтүстік, Шығыс және Батыс бағытында маңызды рөлге ие.Қазақстан соңғы он жылда көлік инфрақұрылымын дамытуға  30 миллиард доллар көлемінде инвеститция салды. Бұл Орталық Азияның транспорттық жүйесі мен халықаралық дәлізін иентеграциялауға мүмкіндік береді.

Форумда бес мемлекет арасындағы сауда-саттық пен қатар аймақаралық байланыстың жақсарып келе жатқаны да айтылды.Ал,қауіпсіздік күн тәртібіндегі бірінші мәселе болып қала бермек. Орталық Азия елдері үкімет басшысының орынбасарлары өндіріс пен ауылшаруашылығы саласында бірлескен кооперация құру жағын да қарастырды. Әр елдің Инвеститциялық мүмкіндіктері таныстырылды. Өзбекстан Премьер-Министірінің орынбасары Эльёр Ганиев өзгелерді Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп қолға алған «Silk viza» жобасын қолдауға шақырды. Қырғызстан мен Тәжікстан және Түркіменстандық үкімет өкілдері бұл бастамаға бір ауыздан қолдау білдірді.

Эльёр Ганиев, ӨР премьер-министрінің орынбасары:

– Өзбекстан соңғы екі жылда өзге елдермен арадағы сауда-саттық байланысын жандандырды. Соның арқасында аймақтағы елдермен арадағы тауар айналымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 35 пайызға артқан. Біз кедендік рәсімдеулерді барынша жеңілдеттік. Жаңадан өткізу бекеттерін ашып жатырмыз. Аймақтағы елдермен әуе және теміржол, көлік байланысы жақсарып келеді. Энергия ресурстарын жеткізуді жаңғырттық.

Бестік өзара шекара аумағында кездесетін түрлі кедергілерді жойып кәсіпкерлерге жол ашу жағын талқылады. Ішкі нарықты бағамдап экспорт әлеуетін арттыру үшін бірлескен аймақтық комиссия құруды ұсынды. Форум аясында Қазақстан мен өзбекстандық кәсіпкерлердің отандық тауар көрмесі өткізілді. Оған біздің елден 60-қа жуық кәсіпорын қатысып, өз өнімдерін жарнамалады. Көршілерді тамақ өндірісі мен біздің елде жасалған электромобиль көбірек қызықтырды. Қазақстанның ғарыш саласында жеткен жетістіктері де айтылды.

Өмірбек Баштай, ҚР индустрия және инфрақұрылымды дамыту министірлігінің экспортты ілгерілету басқармасының басшысы:

– Ғарыш саласында бізде Қазақстан Ғарыш сапары мекемесі бар. Олардың қызметі өте керемет. Ғарыш кеңістігі арқылы жерді зондтау әдісін қолданады. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығына өте қолайлы. Олар өсімдіктердің өсу барысы мен алқаптардың жағдайын бақылай алады. Қажет болса, тіпті көпірдің қанша сантиметрге шөккенін білуге болады. Бұл жоспарлау мен құрылысқа тиімді.

Форум соңында қос елдің үкімет өкілдері кездесіп, Қазақстанның Өзбекстандағы жылын өткізу туралы жоспарға қол қойды.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Темир Исамилов

Хабар 24 телеарнасы