389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ға қарасты жармалық кәсіпкерлер жалпы құны 185 млн теңгелік жобаларды жүзеге асырмақ

  • 509
  • UPD: 15:40, 19.03.2019

Шығыс Қазақстан облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Жарма ауданының кәсіпкерлері биыл жыл соңына дейін жалпы құны 185 миллион теңге болатын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бел буып отыр. Кәсіпкерлер форумында жыл қорытындылары шығарылып, белсенділігімен көзге түскен іскер азаматтар марапатталды.

Қазақтың ақ бас сиыр тұқымын ұлттық брендке айналдырып, мал басын дүние жүзіне танымал ету. Міне, бұл шалабайлық іскер азамат Қуаныш Сүлейменовтың бала кезінен бергі арманы болатын. Қарапайым ауыл мектебінің ұстазы өткен ғасырдың 90-жылдары қаңырап қалған ауылын қайта түлетіп, шаруашылықты еліміздегі іргелі бірлестікке айналдыра білді. Алғашында 150 бас сиыр сатып алып, 4 адам ғана еңбек ететін. Бүгінде асыл тұқымды ірі қара саны 3 жарым мыңға жетіп, 150 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр.

Қуаныш Сүлейменов, шаруашылық жетекшісі:

– Әлеуметтік жағдайды түзетейік деп үлкен жаттығу залын салып бердік. Қазір ауылдағы жастар кешкісін сонда жаттығады, бәрі тегін. Екіншісі жаңа жылдың алдында көп балалы отбасыларға, жұмыс істейтін бала-шағасы көп адамдарға 4 пәтерді жөндеуден өткізіп, табыстадық.

Қуаныш сияқты ел мен жерге жанашыр азаматтардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Жылда өткізілетін дәстүрлі жиында өткен жылдың көрсеткіштері сараланып, еңбекте және қайырымдылық шараларда белсенділік танытқан кәсіпкерлер марапатталды. Кәсіпкерлер мен аудан әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды.

Нұрлыбек Нұрғалиев, Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Меморандумдарға қол қойдық, жалпы сомасы – 185 миллион теңге. Бұл Елбасымыздың бағыт-бағдарына сәйкес әлеуметтік салаға бағытталатын болады. Өйткені аз қамтылған отбасылар әлеуметтік нысандарға бағытталатын болады.

Өткен жылы Жарма ауданында экономиканың барлық саласында өнім өндіру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 31 процентке артып, 193 миллиард теңгеден асқан. Әсіресе тау-кен өндірісі қарыштап дамып келеді. Шағын және орта бизнестен түскен салық түсімі жарты миллиард теңгеден асыпты. Биыл да өнеркәсіптен бөлек, туризмді дамыту, жол салу, ауызсу тарту сияқты әлеуметтік жобалар жүзеге асып, жаңадан жұмыс орындары көбейеді деген жоспар бар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы