389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тегеран дүкендері елімізден жеткізілген ет өнімдерін сатуды бастады

  • 463
  • UPD: 13:02, 24.03.2019

Тегеран дүкендері Қазақстаннан әкелінген ет өнімдерін саудалай бастады. Ирандағы тұтынушылар енді біздің өнімге қызғушылық танытуда. Екі ел арасындағы сауда-саттыққа сай жасалған келісім жергілікті жұртқа ұнайтын секілді.

Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан мен Иран арасында ауыл шаруашылық саласында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Қазір осы бағытта табысты жобалар жүзеге асып жатыр. Қазақстан Иранға астық, күріш, бұршақ дақылдарын экспорттап жүр. Енді еттің кезегі келді. Алдағы 5 айда Иран Астана ет комбинатынан 500 тонна сиыр етін қабылдауды көздеп отыр. Санитарлық тексеруден өтіп, рұқсат қағаздарын алғаннан кейін 42 тонна өнім тиелген алғашқы ұшақ Иранға аттанды. Жергілікті тұрғындар етіміздің сапасына риза. Біріншіден халал, екіншіден генетикалық жетілдірілген өнімдердің қоспасы жоқ.

Али Шафах, ет импортері:

- Бұрын етті Бразилия мен Австралиядан және ТМД-ға кіретін бірнеше елден сатып алып жүрдік. Бұл экономикалық жағынан тиімді деп айта алмаймын. Қазақстанмен осы бағыттағы жұмысымыздың табысты болатын түрі бар. Біз 40-70 тонна тиелген әуе рейстерді қабылдай аламыз. Ол салмағы 7-8 келі вакуум қаптамаларда болуы керек. 

Дүкен сөрелеріне түскен сәтте-ақ қазақстандық ет түгелдей сатылып кетті. Наурыз алдында жеткізілгені де бұған әсер еткен сыңайлы. Тұтынушылардың айтуынша, биылғы мерекелік астың дәмі өзгеше болмақ. Айта кетейік, Иранға ет экспорттаудан Қазақстан ондаған миллиард теңге пайда табады.

Мехди Захедиавал, Иран сауда палатасының мүшесі:

- Қазақстанда мал ислам ережелеріне сай сойылады, бұл біз үшін өте маңызды. Иранда ет тұтыну мөлшері жыл маусымына және Наурыз бен Рамазан айына байланысты. Иран етінің бағасы едәуір қымбат, қазақстандық өнімнің көмегімен нарықтағы баға тұрақталуы мүмкін. 

Тараптар етпен бірге мал басын тірідей жеткізу туралы да келіскен. Оның экспорты қашан басталатыны осы айдың соңында белгілі болмақ.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы