379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай?

  • 141
  • UPD: 10:41, 25.03.2019

Еліміздің бүгінгі ең басты жетістігі – тәуелсіздік. Егеменді ел болып қалыптасқалы мемлекет қарыштап дамып, аз уақыт ішінде қазақ елін дүние жүзі таныды.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған 30 жыл ішінде республика өңірлері өркендеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Мәселен, Жамбыл облысында тоқырау жылдары тұралап қалған кәсіпорындар жанданып, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ондаған мың өндіріс орындары пайда болды. Нәтижесінде жұмыссыздық 4,9 процентке дейін азайды.

Тәуелсіздік жылдары Жамбыл облысы да өзге өңірлер сияқты күрделі кезеңді бастан кешті. Экономика әлсіз, қолда бар өндірістер мен зауыттар әбден ескіріп, тоқтап қалған кезең. Сол кәсіпорындардың бірі – Жамбылдағы Қазфосфат өндіріс орны. Зауыт тұралап, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Өндірілген өнім мардымсыз. Жалақыны уақытылы төлеуге қаржы жеткіліксіз еді.

Мұқаш Ескендіров, Қазақстанның еңбек ері:

– 2001 жылы біздің өнімді шығару көлемі 10 миллиард теңгенің көлемінде ғана етін. Ал биыл 2019 жылы 140 миллиард теңгенің көлеміне шығайын деп отырмыз. Бұл 14 есеге көп. Еңбек өнімділігі әр жұмысшыға шаққанда 20 миллион теңге болайын деп отыр. Мұның барлығы көреген саясаттың арқасы деп ойлаймын.

Облыстағы өнеркәсіп саласын дамытуда Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы басты құралға айналды. Бағдарламаның алғашқы бес жылдығында 123 миллиардтан астам теңгенің 33 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 5000 жаңа жұмыс орны пайда болды. Бағдарламаның екінші кезеңінде облыста 46 инвест жоба қолға алынған.

Еркінбек Солтыбаев 1992-1996 жылдары Жуалы ауданының әкімі болып қызмет атқарған. Өңірдің сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалы ардагердің әлі есінде.

Еркінбек Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– 90 жылдары Сарысу, Жуалы аудандарының бюджеттері 600-700 миллион болатын. Ал енді 10-15 есеге көбейді. Өйткені кәсіпкерліктер дамыды. Қазір кәсіпкерлікпен жаппай айналысатын болды. Салығын уақытылы төлейтін болды. Елдің сауаттылығы артты.

Қазір аймақта шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. 1998 жылдары облыста небәрі 13 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандары тіркеліп, онда 5,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ал қазір нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 63 мыңнан асты. Бұл кәсіпорындарда өндіріліген өнім құны 321 миллиардтан асты.

Еркінбек Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Әлем мойындаған ел болдық. Қазақстанды елдің бәрі білетін болды. 50 елдің қатарына қосылдық. Енді 30 елдің қатарына қосылу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Облыста соңғы 15 жылда білім беру саласын қаржыландыру 10 есеге өсті. Өңірде 1998 жылдан бүгінгі күнге дейін 87 денсаулық сақтау мекемесі, 96 мектеп, 50 балабақша жаңадан тұрғызылды. 1000 шақырымға жуық газ, 2000 шақырымдай су құбырлары жүргізіліп, халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалды. Ал тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 65 жастан 72 жасқа дейін ұлғайып отыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы