379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордайда 8 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы салынуда

  • 186
  • UPD: 22:58, 26.03.2019

Қордайда 8 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір құрылыс жұмыстарының 70 проценті аяқталды.

Құны 1 миллиард теңге болатын Жамбыл облысындағы бұл алып жоба биыл жыл соңына дейін толығымен іске қосылады. Қазірдің өзінде кешеннің бір бөлігінде 3 мың бас ірі қара байлауда тұр. Ал жоспар жүзеге асса, жылына 750 мың тоннаға дейін сапалы ет өндіреді.

Қордай ауданындағы мал бордақылау алаңы кезең-кезеңімен салынып жатыр. Мұнда 4 жыл бұрын алғашқы кезеңді іске қосып, жұмыс 3 мың бас ірі қарамен басталған. Соңғы жылдары сапалы өнімге ішкі және сыртқы нарықта сұраныс артты. Қазір қуатын еселеу үшін қосымша 5 бірдей алаң салынып жатыр. Құрылысы аяқталғанда, бірден 8 мың бас ірі қара бордақыланады.

Етті бағыттағы ірі қара Солтүстік Қазақстан мен Ресейден жеткізілмек. Қазір қолдағы бар малды бордақылап, шетінен өткізіп жатыр. Жылда өнімнің 70 проценті ішкі нарыққа шығарылады. Қалған бөлігі экспортқа жөнелтіледі. Өткен жылы Қырғыз еліне 200 тонна ет саудаланған. Енді Өзбекстан, Қытай, Иран мемлекеттерімен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Берік Әділханов, Қордай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– 450 тоннадан аса сиыр еті мен қой етін экспорттау жоспарланып отыр. Былтырғы жылы бізде жалпы өткізілген экспорт көлемі 370 тоннадан асады. Көрші Қырғызстан мемлекетіне, Меркідегі ет зауытына өткізілген.

Мал бордақылау алаңында 100-ге тарта адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Мал азығын өздері әзірлейді. Бұл бағытта 1500 гектар жер телімдері алынып, биыл арпа, бидай себуді көздеп отыр. Қазір көктемгі сібір жарасына қарсы алдын ала екпе шаралары жүріп жатыр.

Әлімбек Назарқұлов, мал дәрігері:

– Қазақтың ақбас сиырларын сібір жарасына қарсы егіп жатырмыз. Дозасы – 1 грамм.

Жалпы облыста сыйымдылығы үш мың бастан асатын 7 ірі мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы экспортқа мың тонна ет шығарылды. Биыл бұл межені 1500 тоннаға жеткізу жоспарда бар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы