376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бие сүтінен жасалатын отандық шоколадқа шетелден сұраныс көбейген

  • 161
  • UPD: 08:26, 06.04.2019

Отандық кәсіпкерлер бие сүтінен шоколад шығара бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экологиялық таза, табиғи заттардан дайындалатын өнімге сұраныс қашан да жоғары. Ал отандық тауардың дені осы үдеден шығуға тырысады. Жуырда ғана еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза өнімдермен экспортқа шығу мүмкіндігі бар екенін мәлімдеп, көптеген елмен келіссөздер жүргізе бастағанын алға тартып еді.

Мынау әдеттегі шоколад емес. Бие сүтінен дайындалған шоколад. Әлемде баламасы жоқ бұл өнім жаңа сауылған бие сүтін, яғни саумалды дер кезінде құрғатып, оған какао мен керекті қоспалар қосып алынады. Бие сүтінің өзі дәмді болғандықтан, мұнда қант қосылмайды. Дәруменге толы шоколад көптеген ауруға ем. Таза, табиғи өнімнен дайындалатын бұл өнім алдағы күні ұлттық бренд болып экспортқа шықпақ.

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының презденті:

– Біздің шоколадымызда қант, улы зат, трансмай қышқылы жоқ. Үкімет өз тарапынан 300 млн теңге берді. Қазір халықаралық патент алдық.

Ал отандық тауық жұмыртқасы Біріккен Араб Әмірлігі, Ауғанстан және жақын шетелдерге экспортталып келеді. Сұраныс аз емес. Себебі біздің өнімдер барлық халықаралық талаптарға сай. Ең бастысы табиғи. Мысалы, мына өндірістегі жемнің құрамы: бидай, жүгері, бұрыш және жұмыртқаның қабығын берік ететін ұлу қабыршақтарынан тұрады. 

Хендрик Де Йагер, өндіріс директоры:

– Жұмыртқаның сапасы жемнің сапасына тікелей байланысты. Біз тек табиғи өнімдерді пайдаланамыз. Гендік модификацияланған өнімдерден, антиботиктерден аулақпыз. Сондықтан да біздің өнімге деген сұраныс көп.

480 мың тауықтан күніне 450 мың жұмыртқа алып отырған құс фабрикасы 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашаққа жоспар да көп. Бірақ кедергі де жоқ емес.

Эльдар Айгинин, құс фабрикасының қаржы директоры:

– Сыртқы нарықта біздің өнімге деген сұраныс көп. Бірақ логистика өте қымбат. Сондықтан логистика мен шикізатқа, яғни күннен-күнге бағасы өсіп отырған жемге (шикізатқа) субсидия берілсе дейміз. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бөлінген субсидия уақытында берілмей келеді.

Алматы қаласы мен облысы бойынша ет және құс өнімдері Қытай және посткеңестік елдерге экспортталса, таза, табиғи бал Жапонияға дейін жетеді. Соңғы кездері түйе өнімі шұбатқа да сырт елден сұраныс көбейіп келеді дейді кәсіпкерлер.

Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабае, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы