376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында егістік алқабы 10 пайызға ұлғайды

  • 88
  • UPD: 08:18, 09.04.2019

Ақтөбе облысында 805 мың гектар жерге тұқым себілсе, оның жартысы таза бидай болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егін салатын шаруа қожалықтарының 98 проценті дайын отыр. Өңірге қажетті тұқым сатып алынды. Ауа райы құбылып кетпесе, егін егу жұмыстары сәуірдің жиырмасында басталады.

«Австралиялық» бидай тұқымы гектарынан 60 центнерге дейін өнім береді екен. «Алайда біздің елдің топырағында оның жартысын жинасақ үлкен жетістік», дейді қойма меңгерушісі. Дәл осы элиталық тұқымды алғаш рет егіп көрмекші. Қалаға 50 шақырым жерде орналасқан шаруашылық 7000 гектар жерге дәнді дақыл егуге дайындалып жатыр.

Бұл – Желтау ауылдық округіндегі ірі қожалықтардың бірі. Құрылғанына 4 жыл болған шаруашылықта техниканың бәрі жаңа. Екі жыл бұрын 12 арнайы техника сатып алған. Тұқым себетін 2 канадалық машина мен 3 комбайнды несиеге алса, оның 25 пайызын мемлекет субсидиялады. Мұнда 28 жергілікті тұрғын тұрақты еңбек етеді.

Александр Левинштейн, шаруа қожалығының бригадирі:

– 100 процент дайынбыз деуге болады. Тұқым, дизелдік отын алынды. Қажетті келісімшарттар жасалды. Қазір көрші ауылдағы бөлімшемізге көмек беріп жатырмыз. Механизаторлар сонда кетті.

7000 мың гектар жерге егін салмаса да, 200 гектар жерді тиімді пайдаланып отырған ұсақ шаруашылықтар бар. Сергей Дегтяренко қолда бар техникасын жөндеуден өткізіп жатыр. Ескі болса да, тракторының бірнеше маусымға жетер күші бар. Жалпы өңірде ауылшаруашылығы техникасының 65-70 пайызы ескірген.

Сергей Дегтяренко, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Ең бастысы, техникамызды жөндеп алуымыз керек. Барынша асығып жатырмыз. Уақыт тығыз. Науқан басталғанша, үлгереміз деген ойдамын. Әрбір шаруаның арманы-мол өнім жинау. Менде сол үшін еңбек етемін.

Желтау ауылының аумағында 50-ден астам ірілі-ұсақты шаруашылық бар. Көбі бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Биыл 22 қожалық тамшылатып суару жүйесіне қосылғалы жатыр. Өзеннен құбыр тарту жұмыстары басталды. Шаруаларға жылдағыдай біраз жеңілдік жасалады. 

Асылхан Әбтиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен беріледі. Толықтай қамтамасыз еттік. Облысқа 8,5 мың тонна бөлінді. Толық жетеді. Бағасы бір литріне – 169 теңге. Бұл баға өте тиімді. Себебі қазір нарықтағы баға 190-нан кем емес.

Өңірде суармалы алқаптардың көлемін ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр. 32 мың гектар жерді егіншілікке беру жоспарда. 25 ұсақ су қоймалары салынса, суармалы жер 100 мың гектарға ұлғаяды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы