388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр диқандары биыл күрішті 2 мың гектарға аз екпек

  • 472
  • UPD: 12:43, 09.04.2019

 

Қызылорда облысында мал азығы мен майлы дақылдардың үлесі артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерте көктемнен жер жырту, топырақ тегістеуге кіріскен шаруалар 178 мың гектар алқапты дән себуге толық дайындап қойды. Оның 85 мың гектары өңірдің басты дақылы – ақ күріштің үлесінде.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Сыр диқандары сәуірдің 20-нан дән себе бастауды жоспарлап отыр. Өңірде негізінен ресейлік сұрыптар егіледі және жергілікті ғалымдар өндірістік сынақтан өткізген тұқымдар да агроайналымға енеді.

Қазіргі таңда егіншілер 22 мың тоннадан астам күріш тұқымын әзірлеп отыр. Одан бөлек, жаздық бидай, арпа, мақсары, жоңышқа тұқымы дайындалған. Аймақтағы арық-атыз, су арналары аршылып, гидроқұрылғылар қалпына келтірілді. Шабындық-жайылымдарға су жіберілді. Одан бөлек өсімдік қорғау үшін қажетті 100 мың тоннадан астам минералдық тыңайтқыш қоры жасақталды. 1721 трактор тіркеме, тұқым сепкішімен дала жұмыстарына қатысуға сақадай сай.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген 16 мың тонна жанар-жағармай бөлініп отыр. Оның бағасы мен таратылу жолдарын білу үшін агросала маманын сөзге тартқан едік.

Сейілбек Нұрымбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Оны енді қазір шаруашылықтарға жеткізетін операторлар анықталып, нарықтан төмен бағада әр литрі шамамен 147 теңге болып бекітіліп, наурыз айына бөлінген 4 жарым мың тонна дизель отынын облысқа жеткіздік. Операторлар арқылы шаруашылықтарға жеткіздік. Енді қазір сәуір айына қаралған 4 мың 800 тонна ресурс жеткізуші мұнай компанияларымен толық келісімшартқа отырып, соған қаржы аудару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес тұрақты суаруға 4 млрд текше метрден астам тіршілік нәрі қажет. Қазір Шардара мен Көксарайды қосқанда 7 млрд текше метр су қоры жиналған. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда, 300 млн-ға артық. Сондықтан диқан қауымда су тапшылығы сезілмейді деген үміт басым.

Хабар 24 телеарнасы