379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық астыққа Иран мен Әзербайжаннан сұраныс артқан

  • 216
  • UPD: 12:44, 09.04.2019

Ақтау теңіз айлағынан былтыр рекордтық көрсеткіште астық экспортталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

818 мың тонна астық кемеге тиеліп, орталықтан шалғай өңірмен су жолы жалғайтын Иран Ислам Республикасына жөнелтілді. Қазақ астығына негізгі тапсырыс та осы мемлекеттен келіп түседі. Сондай-ақ отандық өнімге Маңғыстау облысына көршілес тағы бір ел – Әзербайжанның да сұранысы жылдан жылға артып келеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Бүгінгі таңда Ақтау теңіз портының аумағында онға тарта түрлі мақсаттағы терминал жұмыс істеп тұр. Қызметі тәулік бойы үзіліссіз жалғасатын солардың бірінен қазақ астығы құрғақ жүк таситын кемелерге тиеліп, Каспий маңы елдеріне жөнелтіліп жатыр. Бұл терминал биылғы жыл басынан бері өндірістік қуатын толыққанды жалғастырып келеді. Нәтижесінде осы күнге дейін 270 мың тоннадан астам астық экспортталған. Яғни жауапты мамандардың жартыжылдық жоспарды сәуірдің соңына дейін орындап тастауы да ғажап емес.

Тұрарбек Дүйсекеш, бидай терминалының кезек бастығы:

– Менің бұл терминалдағы қызмет дәрежем кезек бастығы болып табылады. Яғни Ақбидай астық терминалының мамандары тәулігіне екі кезекпен жұмысқа шығып, шетелден келетін бірнеше кемеге астықты тиеп жөнелтеді. Ақтау теңіз портына қазақ бидайы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан вагонға тиеліп келеді. Осы жерден құрғақ жүк тасымалдайтын су көлігіне салып береміз. Өзіңіз айтқандай, биыл жыл басынан бері 270 мыңнан астам тонна астық экспорты жасалды. Бұл – былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 3-4 процентке артық көрсеткіш. Осы қарқыннан ауыспай, жартыжылдық жоспарды жазға дейін орындауға тырысып жатырмыз.

Ақтау теңіз айлағындағы астық терминалы жазда бір айға жөндеуге тұрады. Тамыздан бастап мұндағы қызу жұмыс жалғасын табады. Өткен жылы астық экспортынан рекордтық көрсеткіштің орындалуына диқандардың қамбаға мол өнім жинауы сеп болған. Сәтін салып, биыл да егістік шұрайлы болып жатса, ішкі сұраныстан артылған астықты Каспий жағалауы мемлекеттеріне жөнелтуден жаңа рекордтың жасалуы сөзсіз.

Хабар 24 телеарнасы