379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында көп функционалды ірі логистикалық орталық салынады

  • 78
  • UPD: 17:34, 11.04.2019

Алдағы жазда Маңғыстау облысында көп функционалды ірі логистикалық орталықтың құрылысы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрық портына жақын орналасқан орталық жылына 2 миллион тонна жүк пен 150 мың контейнер өткізеді. Осылайша, еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемін арттыруға жол ашылады. Тоғыз жолдың торабында жатқан аймақта биыл 22 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл 1400 адамның жаңа жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Маңғыстаулықтардың жергілікті құс етін тұтынатын күні алыс емес. Биыл облыста алғаш рет тауық етін шығаратын ірі фабрика іске қосылады. Жылына 5 мың тонна өнім шығаратын кәсіпорын Түпқараған ауданында салынып жатыр. Ашылған соң 120 жергілікті тұрғын жұмысқа қабылданады. Фабрика құс етіне деген сұраныстың 50% өтемек.

Данияр Тұрғынов, инвестор:

Сондай-ақ жем зауыты салынып жатыр. Құс фабрикасынан бөлек басқа да мал шаруашылығына жеткізуімізге болады. Сағатына 10 тонна құрама жем шығарамыз. Маңғыстауда мұндай аналог жоқ. Бұрын ең жақын Орал мен Ақтөбе облысынан тасылып отырды.

Аймақ экономикасына қаржы құюға ниеттілердің қатарында әзірбайжандық инвесторлар да бар. Олар Ақтауда кабельдер мен трансформатор өндіретін зауыт салып жатыр. Жобаның жалпы құны 9 миллиард теңге. Электр жабдықтарын Қазақстаннан өзге Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылмақ.

Самир Раслов, инвестор (Әзірбайжан):

- логҚазақстанның ішкі-сыртқы жағдайы тұрақты, әрі экономикасы дұрыс жолға қойылған. Біз сондықтан да осы елді таңдадық. Оның үстіне зауытымыз салынып жатқан «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Барлық салықтар мен кедендік төлемдерден босатылған.

Аталған арнайы экономикалық аймақта шойын өндіретін жаңа зауыт та салынып жатыр. Жылдық қуаты 250 мың тонна. Өндіріс ошағы іске қосылған соң 500 ақтаулық азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады.

Тілеген Едігеев, облыстық индустриялық-инновациялық басқармасы басшысының орынбасары:

- Жобаны іске асыруға 76 миллиард теңге қаржы жұмсалуы көзделуде. Жобаға қажетті шикізатты Маңғыстау облысында орналасқан «Бескемпір» кен орнынан алынады. Сонымен қатар жоба экспортқа бағытталған. Иран, Пәкістан және Индия сияқты елдерге тауарды экспорттау көзделген.

Биыл 67 миллиард теңгеге 22 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделуде. Ал, 2025 жылға дейін шетелдік және отандық инвесторлардың қаржысына 43 кәсіпорын салынады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы