388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысынан биыл 4 мың тонна ірі қара еті экспортталады

  • 507
  • UPD: 21:58, 14.04.2019

Алматы облысынан экспортталатын ет көлемі де биыл үш есеге артпақ. Былтыр мың тоннадан асса, енді 4 мың тоннаға дейін жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір шаруалары ірі қара санын арттырып, қазір жеті мал бордақылау кешенін салып жатыр.

Панфилов ауданындағы ең ірі шаруа қожалықтардың бірін Тасқын Жапрақұл басқарады. Оның төрт түлікті өсірумен айналысқанына 6 жылдан асты. Қазір шаруаның мал бордақылау кешенінде 600 абердин-ангус пен қазақтың ақбас тұқымды сиыры бар. Шаруашылық басшысы биыл асылтұқымды ірі қара санын арттырып, өнім өңдеу ісін қолға алмақ.

Тасқын Жапарқұл, қожалық жетекшісі:

- Келешекте мал бордақылау алаңын үлкейтіп, шағын ет комбинатын салайық деп отырмыз. Мемлекеттік ет экспорттау бағыты бар емес пе, келешекте сол экспортқа шығарайық деп отырмыз.

Жұмағазы Наймантаев, Панфилов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

- Бүгінгі күні «Ернар» шаруа қожалығы сияқты бізде екі мал бордақылау кешені салынып жатыр. Сонымен қатар 100 бас 200 бастық мал бордақылау орындары бар. Солардың жетеуінің құжаттары рәсімделген. Қалғандары құжаттарын жасап жатыр.

Алматы облысында 90-нан аса мал бордақылау кешені болса, соның 16-сы ірі алаң. Онда мың жарымнан екі мыңға дейін асыл тұқымды ірі қара байланған. Шаруалар өндірген өнімін шетелге шығарып жатыр.

Серікбай Ерназаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі күні 85 тонна жіберілді. 50 тонна Өзбекстанға кетті. Одан бөлек 200 тонна дайын тұр. Қазір 5,5 мың тонна ет бере алатындай мал бордақылау алаңында тұр.

Осы жылы Алматы облысында тағы 7 мал бордақылау кешені ашылмақ. Онда байланған ірі қара еті Өзбекстан, Қырғызстан және Араб әмірліктеріне жөнелтіледі. Ал биылдан бастап Иранға да ет экспорттау көзделген.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы