378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құрғақ порттағы жүк өңдеу көлемі 18 есе артты

  • 99
  • UPD: 13:50, 15.04.2019

«Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Құрғақ порттағы жүк өңдеу көлемі 18 есе өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Логистикалық хаб контейнерлерді Қытай Халық Республикасының тар темір жолынан өзіміздің кең жолға тиейді. Қазір мұнда Қазақстан мен Қытай аумағындағы жүк пойыздарының қозғалысын қадағалайтын арнайы бағдарлама енгізіліп жатыр.

Құрғақ порт 3 жыл бұрын жұмыс істей бастады. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының шекарасында көлік логистикалық хабтың пайда болуы Шығыс пен Батыстың арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың күретамырына қан жүгіртті. Мәселен, теңіз арқылы жүк жөнелтуге ұзақ уақыт кетеді. Ал бизнес қауымдастық өкілдері құрғақ порттың көмегіне жүгінсе, жүкті жеткізу уақыты біршама қысқарады.

Нұрлан Тоғанбаев, коммерциялық директор:

– Біз жұмысты әлі де жетілдіре түсуіміз керек. Ол үшін кәдімгі контейнерлермен қатар рефрижераторлық контейнерлермен де кешенді қызмет көрсетіп отырмыз. Арнайы температураны сақтау мақсатында оларды электр қуатымен және дизельді отынмен қамтамасыз етеміз.

Құрғақ порт өткен жылы екі бағытқа 140 мың контейнер жөнелткен. Ол жұмыс істей бастаған үш жылдың ішінде жүк өңдеу көлемі 18 есе артты. Жаңа қоймалар салынып, бақылау жүргізу үдерісіне инновациялық бағдарламалар енгізілді.

Шыңғыс Төлеушин, Құрғақ порттың бас директоры:

– «Тос терминал систем» жүйесі енгізіліп жатыр. Ол Қытай аумағындағы контейнерлердің қозғалысын қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, жүкті сақтап, оны жөнелту бағытында көрсетілетін сервистік қызметтің сапасы жақсарады.

Құрғақ порт тәулігіне 24 ірі құрамды жүк пойызын қабылдай алады. «Ал алдыңғы қатарлы бағдарламалардың енгізілуі оның жұмысын барынша жандандыра түседі», – дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы