388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда ЖІӨ өсімі 3,8% жетті

  • 854
  • UPD: 20:35, 16.04.2019

Бүгін Үкімет отырысында 2019 жылдың алғашқы тоқсаны қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8 процентке жеткен. Еске салайық, ақпан айында аталмыш көрсеткіш 3 жарым проценттің шамасында болған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

Қаңтар мен наурыз айларының аралығында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, инвестиция, сауда және көлік салаларында айтарлықтай өсім бар. Сондай-ақ, инфляция деңгейі де жоспарланған межеде.  Жыл басынан бері ол 1,3, ал жылдық мәнде 4,8 проценттің шамасында сақталып тұр. Негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштері өзгелерден жоғары аймақтардың қатарында Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар және Қызылорда облыстары бар. Бұл деректерді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жария етті.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Инвестициялардың серпіні шамамен екі еселенді. Екі айдың қарқыны – 4,2%, ал тоқсан қорытындысы бойынша 7,0% (дейін өсіп отыр. Өсу негізінен инвестициялық тауарларды сатып алумен байланысты. Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халықаралық резервтер 86,0 млрд. АҚШ долларын құрады.

Жалпы қазір әлемдік экономиканың даму қарқыны бәсеңдеді. Премьер-министр Асқар Мамин осы жайтқа баса назар аударып, ел экономикасының сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. 

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

– Ағымдағы жылдың қаңтар-наурызында ЖІӨ 3,8 пайызға өсті. Құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі, көлік – басты өсу қозғаушылары болды. Қазіргі таңда әлемдік экономиканың өсу қарқыны төмендеуде. Халықаралық сарапшылар мен даму институттары даму болжамдары бойынша өсу қарқыны 2018 жылы 3,6 пайыздан ағымдағы жылы 3,3 пайызға дейін төмендейді. Осындай жағдайда экономика инклюзивті және сапалы дамуын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік орган экономиканың өсу қарқынын арттыруға тиісті шараларды ұйымдастыруы керек.

2019 жылдың бірінші тоқсанында бюджеттің барлық деңгейіндегі кіріс мөлшері жоспарланған көрсеткіштен асқан. Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған кезеңде республикалық бюджетке 1 триллион 567 миллиард теңге мөлшерінде кіріс түсіпті. Бұл биылғы жоспардан 33, ал былтырғы көрсеткіштен 268 миллиард теңгеге артық. 

Жыл басталғалы 3 ай өтсе де, уақытылы игерілмеген қаражат та бар. 28 миллиард теңге. Атқарылмаған қаржының басым көпшілігі Әділет, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика министрліктеріне тиесілі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі:

– Жергілікті бюджеттердің шығыстары 945 млрд теңгеге игерілді. 12 млрд теңге орындалмады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 60% жақсарды. Республикалық бюджеттен өңірлерге 1 112 млрд теңге нысаналы трансферттер қарастырылған. 1 тоқсанда оларға 171 млрд теңге бөлінді. Оның 96,8% игерілді немесе 165 млрд теңге.

Бүгінгі Үкімет отырысында Асқар Мамин экономиканың орнықты дамуы үшін шетелден инвестиция тартудың маңызына тоқталды. Айтпақшы енді екі күннен соң аталған мәселеге қатысты жиын өтеді. Оған мемлекеттік мекемелердің жетекшілері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы