384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысындағы тампонажды цемент зауыты нарыққа өнім шығаруды бастады

  • 858
  • UPD: 18:07, 16.04.2019

Қызылорда облысында Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған тампонажды цемент зауыты нарыққа өнім шығаруды бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылысы мен жоғары технологиялы қондырғыларға 178 млн АҚШ доллары жұмсалған жобаның жүзеге асуымен импортталатын құрылыс материалдарының көлемі едәуір азаяды. Сондай-ақ ішкі нарық цементке деген тәуелділіктен арылады.

Жылына 1 млн тонна өнім шығаруға қауқарлы өндіріс ошағының болашағы зор. Себебі мұнай-газ, атом және ғарыш саласына тампонажды цемент аса қажет. Кәсіпорында барлық процесс автоматты түрде жүргізіледі.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Алып зауыттың аумағы 44 гектарды құрайды. Мен қазір өндіріс ошағының негізгі қозғалтқыш күші орналасқан жерге келіп тұрмын. Мінекей зауыттың жүрегі десек те болады. Мұнда 950 градусқа қыздырылған ұнтақ қайтадан 1400 градусқа қыздырылып, құбыр бойымен қоймаға жіберіледі. Онда ыстық ұнтақ 65 градусқа суытылып, клинкерге айналады. Қазіргі таңда 11 мың тонна клинкер қоймада сақтаулы.

Мақсат Нұрсеев, технолог:

– Ол клинкерге цемент түріне байланысты әртүрлі қоспалар бар. Белсенділігін көтеру үшін. Зауыт аумағына жүк көліктерімен тасымалданады.

Зауытта 260 жұмысшы тер төгеді. Көбі Қытай халық республикасына барып, арнайы оқып келді.

Ли Цзиньцин, компания басшысы:

– Қазақ-қытай біріккен кәсіпорны дайын өнімдерін Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанға саудаламақ. Алдағы сәуірде тампонажды цементтің алғашқы партиясын шығарамыз. Жыл соңына дейін 500 мың тоннасын өндіруді жоспарлап отырмыз. 

Қазақ-қытай жобасы аясында жергілікті бюджетке қыруар қаржы құйылып, біріккен компания есебінен Шиеліде әлеуметтік нысандар салынып жатыр. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы