379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтау портынан астық толы контейнерлер тиелген кеме Әзербайжанға жол тартты

  • 139
  • UPD: 22:05, 16.04.2019

Бүгін Ақтау теңіз айлағынан астық толы контейнерлер тиелген «Түркістан» су көлігі Баку портына жол тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы сәттен бастап қазақ елімен Каспий маңы мемлекеттері арасында тұрақты фидерлік кеме қатынасы орнады. Бортына жиырма футтық 225 контейнер артқан кеме Әзербайжанға он алты тәулік жүзіп барады. Жеткен соң контейнерлер платформаларға салынып, теміржол арқылы түрік порттарына әрі қарай Еуропаға бағыт алады.

Бұл – Ақтау портынан алғаш рет фидерлік су көлігіне контейнер тиеп, Бакуге жөнелту сәті. Енді олар аптасына бір рет сапарға шығып тұрады. Бір кемеге толық құрамды екі контейнерлік пойыз сияды. 

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы:

– Қазіргі таңда еліміздің көлік логистикалық кластерінің қуатты дамуына қол жеткізетін көлемді бағдарламаны жүзеге асыруда табысты нәтижелер байқалуда. Бүгінгі фидерлік желінің ашылуы осының айқын дәлелі болып табылады.

Қазақ портына экспорт тауарлармен қатар Қытайдан Еуропаға шығатын транзиттік жүктер контейнермен келеді. Бұдан соң паромдармен жіберіледі. Енді бірден фидерлік кемеге тиеп, тасуға мүмкіндік туды.

Сауат Мыңбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Қытайдан басталған жүктердің біздің елімізден өтіп, осы фидерлік кемемен Кавказ мемлекеттері, Түркияға, Қара теңіз маңайындағы Еуропа мемлекеттеріне барады. Сондықтан бұл – өте жақсы жоба

Дмитрий Абдуллаев, «KTZ EXPRESS» АҚ басқарма төрағасы:

– Контейнерлік пойыздар құрамының транзиттік тасымалын он алты тәулікте орындау көзделіп отыр. Фидерлік тұрақты қатынастың орнауы Транскаспийлік көлік бағыты бойынша жүк тасымалының артуына оң ықпал етеді.

Шара соңында фидерлік тұрақты кеме қатынасына жауапты ұлттық компания басшылары құрғақ жүктерді тасымалдаудың бас келісіміне қол қойды. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы