377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жайық пен Қараөзен қосылды

  • 110
  • UPD: 19:35, 17.04.2019

Батыс Қазақстан облысы жыл сайын Ресейдің Саратов және Волгоград облыстарынан 85 миллион текше метр су сатып алады. Осы мақсатқа ел қазынасынан 1 миллиард 900 миллион теңге жұмсалады.

Енді биылдан бастап көрші елге тәуелділік 30% азаймақ. Бұл Жайықтың суын Казталов ауданындағы Қараөзенге қосудың нәтижесінде мүмкін болды. Су ресурстарын басқарудағы тың жобаның тиімді тұстарын «Хабар 24» арнасының тілшісі хабарлайды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Жайық пен Қараөзеннің арасы 220 шақырым. Оның 40 шақырымы, яғни Киров су қоймасына дейінгі аралыққа тіршілік нәрі өз жолымен барса,  одан арғы 160 шақырым канал тазаланды, ал 20 шақырым канал жаңадан қазылды. 2011 жылы басталған осы жұмыстардың нәтижесін, игілігін ел көретін күн, міне, келіп жетті.

Қараөзен арнасы көктемде қар суымен толықса, жазда Еділдің суы сорғы стансалары арқылы жоғарыға жетеді. Енді осы Еділдің суына Жайық суы қосылған тарихи сәттің куәсі болған тұрғындар келешектен зор үміт күтеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас», 180 шақырым арнаның аршылуы ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін бермек. Жобаны іске асыру арқылы суармалы алқаптарды арттыруға мүмкіндік бар. 

Нәбіл Мұхамбетқалиев, Қараөзен ауылының тұрғыны:

- Су жөнінде бұрында Ресейден алып, жіберсе қуанып қаламыз да, жібермей жатыр дегенде түңіліп қаламыз, сондай жағдайда болды.  Көбіктер кеуіп жатыр, елді мекендер қыстақтар көшіп, су жағасына тентіреп жүретін еді. Қазір жақсы болды.

Әбдірахим Айтуғанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Болашақта жоспарым бар сүрлем салу, осы судың келуіне байланысты жоспарлап жатырмыз. Ең бірінші 50 гектар жерден су жіберіп, сүрлем жүгері еккім келеді, малға силос салу үшін.

Жобаның негізгі мақсаты Ресей суына тәуелділікті азайту. Өйткені Батыс Қазақстан облысы оңтүстік аудандардың қажеттілігі үшін жылына  көрші елден 85 млн текше метр су сатып алады.  Оған 1 миллиард 800 млн теңге кететін еді. Енді осы қаржының ширегі үнемделмек.

Нұрболат Жұмағалиев, «Қазсушаруашылығы» РМК БҚО филиалының  директоры:

- 20-22 млн текше метр Ресейден келетін суды үнемдеп, Жайықтың тегін су дейміз ғой, тегін суды әкеліп құйып отырмыз. Ол деген  350-400 млн теңге деген сөз.

Су ресурстарын тиімді басқару жұмыстары мұнымен бітпейді. Алда сыйымдылығы 30 млн текше метрлік Жалпақтал су қоймасын салу көзделген. Осы арқылы көктемгі су тасқынының қатерін азайтып, жазда суды жоспарлы жіберуге болады. Одан соң, «Азынабай-Тайпақ» суландыру жүйесі қалпына келтірілмек.

Алтай Көлгінов, облыс әкімі:

- Сол біткен соң Азынабай-Тайпаққа кірісеміз. «Азынабай-Тайпақ» жобасы да өте маңызды. Ақжайық ауданы Жайықтың арғы бетін айтсақ, Бұқар жағы, ол жақта 300 мың гектар жер игерілмей жатыр. Неге? Су жоқ. Бұрын ол жерде су болған. Азынабай-Тайпақ қазір ол канал істемей тұр. Сондықтан соны қайта қалпына келтіру үшін жобалау жұмыстарын бастап кеттік. Жасайтын болсақ, мал шаруашылығында үлкен мүмкіндіктер ашылады.

Суландыру жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы алқаптар мен көлтабандар көлемі күрт көбеймек. Өз кезегінде бұл өңірдің экспорттық әлеуетінің еселенуіне әсер етері сөзсіз. 

Авторы: Ерденбек Жылқайдарұлы

Хабар 24 телеарнасы