379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшы: Қазақстан мен Иран бір-біріне пайдалы бола алады

  • 57
  • UPD: 19:36, 17.04.2019

Қазақстан Иранда логистикалық орталықтар құратын болды. Онда істейтін компаниялар Парсы шығанағындағы елдерге отандық өнімдерді экспорттаумен айналысады. Ал Иран осы қатынаста транзит мемлекет болмақ.

Иран өкіметі Қазақстанмен экономикалық байланыстарын дамытуға үлкен көңіл бөліп жүр. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 500 миллион доллардан асқан. Ынтымақтастың жаңа тиімді бағыттарын белгілеу үшін Иран сыртқы істер министрі Мохаммад-Жавад Зариф пен Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді Тегеранда саяси кеңесулер өткізді. Оның басты нәтижесі Иран теңіз айлақтарында логистикалық орталықтарды салу шешімі болған. Жобаға Бандар-Аббас пен Амирабад айлақтарында жер телімдері бөлінеді.

Бахрам Хонлар, Iran Today телеарнасының бас директоры:

- АҚШ Иранға қарсы қатал санкциялар енгізгендіктен, Қазақстанмен сауда мен логистика саласында ынтымақтастығымыз біз үшін өте тиімді болуы мүмкін. Кездесу өте табысты өтті. Талқыланған маңызды мәселе Каспийге қатысты өзара әріптестікті жетілдіру. Себебі теңіз екі елге де ортақ болғандықтан, мәселелерді де бірлесіп шешуіміз керек.

Қазақстан мен Иран өкілдері 2018 жылы Ақтауда өткен Бесінші Каспий саммитінің маңыздылығын атап өтті.  Бүгінде тараптар осы басқосуда қабылданған шешімдерді жүзеге асыру мақсатында бірлескен жұмысты арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар Қазақстан - Түркменістан - Иран бағытындағы теміржолдың пайдалану қарқынын арттыру жоспарланған. 

Мохаммад Ватанпур, экономист:

- Қазіргі заманда қай ел болсын өнімді толығымен жалғыз өзі шығарудың қажеті жоқ. Мемлекеттер халықаралық сауда саласында өзара ынтымақтасуы керек. Иран мен Қазақстан бір-біріне пайдалы бола алатын елдер. Күшімізді біріктірсек, бұдан қос мемлекет те ұтады. 

Кездесуде дипломаттар елордада өтетін сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия мәжілісінің күн тәртібін белгіледі.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы