388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғыз сарапшысы: Қазақ-өзбек экономикалық байланыстың ұлғаюы бізге тек пайда әкеледі

  • 468
  • UPD: 21:22, 17.04.2019

Орталық Азия аймағының геоасаяси маңызы артып келеді. Қарқынды дамуға себеп болған факторлар көп. Арасындағы ең бастылары - экономикалық интеграция, өзара байланыстардың нығаюы және өзекті мәселелер бойынша ортақ пікір. Қырғызстанның сарапшы қауымы Қазақстан президентінің Өзбекстанға жасаған сапарын осылай бағалап отыр.

Соңғы кезде Орталық Азияда бірлесу үрдісі қарқын алды. Бұрын да Қазақстан аймақта экономикалық байланыстарды нығайтудың қозғаушы күші болған. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған сапарынан кейін өзара сауда жаңа дем алғаны анық болды.

Игорь Шестаков, саясаттанушы:

- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік тасымалы, өнімдер транзитіне байланысты мәселелер шешіліп жатыр. Журналистер жазғандай, шекарадағы өткелдерде кезек қысқарды. Қос мемлекет өзара тиімді қатынастар орнату жолында ымыраға келу үлгісін көрсетіп отыр.

Екі ел 2020 жылдың аяғына дейін өзара сауда айналымын 5 миллиард долларға арттыруды көздейді. Қырғыз сарапшыларының пікірінше, бұл орынды жоспар. Аймақта ең дамыған қос экономика өзара әрекеттесуі қажет, осының негізінде геосаясатта да ортақ ұстанымдары қалыптасады.

Эдиль Осмонбетов, саясаттанушы:

- Орталық Азия елдерінің бәріне ортақ күн тақырыбы қалыптасса, мәселен, бұл қауіпсіздік немесе транзит болуы мүмкін, аймақтағы елдердің геосаяси салмағы өсер еді. Халықаралық алаңдарда күш біріктіріп, 5 мемлекеттің мүдделерін қорғауға болады. Сонда нәтиже де артады.

Екі ел президенттерінің кездесуі - аймақтың бизнес-климатын жақсартуға негізделген. Дамыған өндірісі, технологиялары мен білікті мамандары бар мемлекеттер осы мақсатта тынбай еңбек етуге ниетті. Ал Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстардың ұлғаюы Қырғызстанға тек пайда әкеледі. Екі ел де ең жақын көрші болғандықтан, сауданың дамуы Қырғызстанның да осы үрдіске қосылуына түрткі болмақ.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы