378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда Оңтүстік Корея капиталы бар 500-ге жуық компания жұмыс істейді

  • 175
  • UPD: 08:59, 22.04.2019

Қазақстан мен Оңтүстік Корея - стратегиялық серіктес

Өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстан бөлек, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық нығая түсті. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 4 миллиард АҚШ долларына жуықтаған.

Осыған дейін Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынас дамымаса кеміген емес. Қос ел арасында мәдени байланыс та мықтап орнаған. Каннам университетінде Қазақстантану кафедрасы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Хангук шет тілдер университетінде қазақ тілін оқытады. Ал елордамызда 2010 жылы Орталық Азияда теңдесі жоқ корей мәдени орталығы ашылған. Қазір мұнда корей тілін, ұлттық биімен қатар тағамдарын тегін үйретеді.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

– Бұл Корей ұлтының ұлттық киімі – ханбок. Қарапайым шаруалар киетін ханбок деген де бар. Ал мына менің қолымдағы қымбат жібек матадан тоқылған ғалымдар киімі. Ал хандар мен үйлену тойына киетін ханбоктың стилі мүлдем басқаша.

Сондай-ақ қазақ-корей арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып жатыр. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 4 миллиард АҚШ долларына жуықтаған. Айталық, Қазақстан Оңтүстік Кореяға уран, мыс, алтын, болат жіберсе, ол жақтан электроника құрылғылары, көлік, машинаға қажетті құрал-жабдықтар тасымалданады. Бүгінде елімізде Оңтүстік Корея капиталы бар 500-ге жуық компания жұмыс істейді. 

Ли Чже Ен, Корея халықаралық экономикалық институтының президенті:

– Біз Қазақстанмен экономика саласында ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейміз. Қос ел арасындағы сауда-саттық байланыс беки түседі деген сенім бар. Сондай-ақ біз ауылшаруашылығы саласы жағынан ынтымақтастықты дамытсақ дейміз. Себебі қазақ елі осы салада зор мүмкіндіктерге ие. Бұл мәселелер жақын арада нақты шешімін табады деген үміттемін.

Корея – қарапайым аграрлық елден «ауызын айға білеген» экономикасы дамыған алпауытқа айналған мемлекет. Қазір дүние жүзіндегі экономикасы қуатты жиырма елдің бірі саналады. Сондықтан да біздің бұл елден үйренеріміз бар. Қазақстандық сарапшылар цифрлық технологияның көш басында тұрған елден үлгі аламыз дейді.

Ал корейлер елімізге өздерінің «ақылды ауыл» инновациялық моделін енгізгісі келеді. Бұл ұсынысты «Қазақстан-Корея елдерінің даму келешегі» атты семинарда жасаған болатын. Бұл әзірге ауызша күйде. Қос тарап жобаның келешегі барын атады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы