378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда кореялық жеңіл көліктер шығаратын зауыт бой көтереді

  • 253
  • UPD: 10:00, 22.04.2019

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы экономикалық байланыстың бір бағыты – автомобиль өндірісі.

Елімізде кореялық коммерциялық техника және жеңіл көліктер құрастырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал күні кеше Алматы қаласындағы индустриалды аймақта кореялық жеңіл автомобильдер шығаратын тағы бір зауыттың іргетасы қаланды. Кәсіпорын бірінші кезеңде 30 мың, ал екінші кезеңде жылына 45 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр.

Индустриалды аймақта бірнеше айдан соң заманауи зауыт бой көтереді. Жергілікті билік инфрақұрылымы дайын 25 гектар жер бөліп отыр. Жобаны елдегі жекеменшік компаниялардың бірі өз қаражатына және қарызға алған ақшаға салады. Алғашқы автомобиль конвейерден 2020 жылы шығады деген жоспар бар.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

– Мұндай зауыттың ашылуы біз үшін өте маңызды. 60 миллион доллар ақша салынады. 700-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады.

Автомобиль саласындағы ынтымақтастық Қазақстанмен қатар, Онтүстік Корея үшін де тиімді. Олай дейтініміз, қазақ елімен жасалған әріптестік 186 миллионнан астам тұрғыны бар Еуразиялық экономикалық одақтың және 33 миллионнан аса халқы бар Өзбекстанның нарығына жол ашады.

Сон Юн Мо, Оңтүстік Корея сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі:

– Бұл жоба екі мемлекеттің өнеркәсіп саласындағы байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. Зауытта шығарылған машиналар Қазақстанмен қатар, Ресей, Өзбекстан және басқа да елдерге экспортталады деген сенімдемін. Осы бастама екі елдің экономикасын жаңа белеске көтеретіні шүбәсіз. 

Өндірісін дамытуды көздеген Қазақстан үшін технология саласындағы әріптестіктің маңызы ерекше. «Ханган өзеніндегі ғажайыптың алғышарттары да осындай технологиялық трансферттен басталып еді», - дейді корейтанушы Бақытгүл Тәшкенбаева.  

Бақытгүл Тәшкенбаева, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ шығыстану факультетінің аға оқытушысы:

– Оңтүстік Корея Кезінде аграрлық мемлекет болды. 60 жылдардан бастап дамыды. Бұл елдің автомобиль жүйесіне көбірек үлес қосқан мемлекет Жапония болды. Қазіргі кезде автомобиль ғана емес, жалпы дүние жүзінде кеме жасау саласында бірінші орында.

Ғылым мен техникадағы ынтымақтастық өнеркәсіпке қажетті ұлттық инженер мамандардың қалыптасуына ықпал етеді. Ал машина жасау саласы – елдің индустрияландыру бағдарламасының басым бағыттарының бірі.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Осы бағытты дамытуға кореялық тараптың белсенді атсалысып жатқанына қуаныштымыз. Қазақстанда кореялық мамандармен біріге отырып машина жасау саласын көркейтудің стратегиясы жасалды. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған зауыттарда танымал кореялық брендтер құрастырылып келеді.   

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, 2019 жылдың алғашқы тоқсанында ресми дилерлер 13 мың жеңіл көлік сатқан. Оның ішінде 7200-і елімізде құрастырылған екен. Ал қосалқы бөлшектер мен қажетті бұйымдардың 40 пайыздан астамы Қазақстанда жасалған. Жаңа зауыт іске қосылса, Қазақстанда шығарылған автомобильдердің үлесінің артатыны анық.

Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы