377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстаннан Оңтүстік Корея сатып алатын тауардың 80% – мұнай

  • 234
  • UPD: 10:06, 22.04.2019

Оңтүстік Кореяға тасымалданатын қазақстандық мұнай көлемі артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы оңтүстіккореялық халықаралық сауда қауымдастығы мәлімдеді. Құжат Президент Мун Чже Ин Нұр-Сұлтанға мемлекеттік сапармен келер алдында бекітілді. Қазақстандық қара алтынға сұраныс неліктен өсті?

Оңтүстік Корея Қазақстаннан сатып алатын тауардың сексен проценті – мұнай. Бұл мәліметті корей халықаралық сауда қауымдастығы жариялады. Сарапшылар оны АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялар енгізілуімен байланыстырады. Өйткені Америка шектеу салар алдында оңтүстіккореялық компаниялар қара алтынды Ислам республикасынан алып отырды. Зерттеушілердің мәліметіне сай, еліміз мұнай өндіру бойынша әлемде он екінші орында, уран өндіруден бірінші келеді, ал кадмий қоры жағынан бесінші тұр. Тот баспайтын болатты жасау үшін кажет қазақстандық феррохромға да оңтүстіккореялықтардың қызығушылығы мол.  

Ким Хен Су, корея халықаралық сауда қауымдастығының сарапшысы:

– 2017 жылға дейін Қазақстаннан мұнай импортының көлемі аз болды, кейін 27 миллионнан 55 миллион баррелге өсті. Біз алған CPCBlend Каспий құбыр консорциумы мұнайының сапасы өте жақсы. 2018 жылы Қазақстаннан шикі мұнайды 1 миллиард 100 миллион долларға сатып алдық, бұл Қазақстаннан Кореяға әкеленген өнімдердің сексен пайызын құрайды.  

Соңғы бес жылда Оңтүстік Кореядан Қазақстанға жеткізілген тауарлардың ішінде автокөліктер бірінші орында тұр. Қауымдастық мамандарының айтуынша, сату көрсеткіштері бойынша жапондық және ресейлік брендтерден кейін оңтүстіккореялық көліктерге сұраныс көп. Сондай-ақ таңғы самал елінен шыққан косметика өнімдерінің танымалдығы өсіп келеді. Өткен жылы қазақстандықтар шамамен жиырма үш миллион долларға крем сатып алған. Қазақ елі Оңтүстік Кореяның азық-түлік өнімдеріне де қызығушылық танытып отыр.

Ким Хен Су, корея халықаралық сауда қауымдастығының сарапшысы:

– Кореядан Қазақстанға құрғақ кілегейдің экспорты өсіп, 7,5 долларға жетті, ал кеспе сатылымы 4 миллион 200 мың долларды құрады. Қазақстандық кілегей нарығында Корея компаниясының үлесі – 71 пайыз.

Қазақстандықтар арасында корей медицинасы танымал. Сондықтан сарапшылар медициналық құрал-жабдықтар сатылымы артады деп болжайды. Сондай-ақ Кореяның ауыл шаруашылық техникасы мен технологиясына сұраныстың артуы күтіледі. Таңғы самал елі көліктік-логистикалық жобаларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Оны сарапшылар оңтүстіккореялық компанияның Қазақстандағы сәтті тәжірибесімен байланыстырады. Өткен жылы ол Үлкен Алматы айналма жолының құрылысын бастады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы