378.59 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда Қазақстан-Корея бизнес форумы өтті

  • 300
  • UPD: 22:36, 22.04.2019

Қазақстан мен Корея президенттері елордада өткен қазақ-корея бизнес форумына қатысты. Мұнда шетелдік кәсіпкерлерге елдегі инвестициялық аxуал мен бизнес жүргізуге жасалған жағдайлар таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Бүгінде екі елдің тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жеткен. Былтыр сауда-саттық 4 млрд АҚШ долларына жуықтады. Қазақстан Оңтүстік Кореяға көбіне шикізат экспорттайды. Ал біз кәрістердің автобөлшектері, құбырларға арналған арматурасы мен электроникаларына мұқтажбыз. Қазіргі уақытта елімізде 42 бірлескен жоба жүзеге асып отыр. Қос елдің кәсіпкерлері бас қосқан жиында Корея мемлекетінің басшысы екі ел төртінші өнеркәсіптік төңкеріске бірге дайындалатынын айттты. Бүгінгі таңда Қазақстан 2050 жылға дейін өнеркәсіпті әртараптандырып, экономиканы жаңғыртпақ. Корея да инновациялық даму жолын таңдаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде екі ел арасында ерекше достық қатынас орнаған, ал екіжақты сауда-экономикалық әріптестік жоғары оңтайлы қарқынмен сипатталып отыр. Қазақстан мен Корея арасында инвестицияны қорғау туралы келісімге 1996 жылы қол қойылған еді. Осы жылдар ішінде Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына 7 млрд АҚШ долларына тарта инвестиция құйды. 2017 жылмен салыстырсақ, былтыр тауар айналымы екі еседен астам өсіп, 4 млрд долларға жуықтады. Біздің елдер бірлескен жобаларды экономиканың түрлі секторларында жүзеге асырып жатыр. Бұл тұрғыда құрылыс, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, машина жасау, қаржы, денсаулық сақтау және басқа да салалар қамтылды.

Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея Республикасының Президенті:

- Қазақстан Үкіметі көлік, логистика, энергетика, индустрия инфрақұрылымдарын дамытуды көздейтін жаңа экономикалық саясатты жүргізіп отыр. Бұл Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған біздің де саясаттың бір бағыт-бағдары. Бүгінде қос мемлекет өзара қарым-қатынас көкжиегін кеңейтуі тиіс. Келешекте біз денсаулық сақтау, мәдениет, туризм сынды салалардағы байланысты дамытпақ ниеттеміз. Бүгін біз 2019-2022 жылдарған арналған экономикалық бағдарламаға қол қойдық. Бұл Қазақстан мен Кореяның экономикалық ынтымақтастығының дамытуға жаңа екпін бермек.

Бүгін қазақстандық тарап шетелдік кәсіпкерлерге мұнай-химия саласында метанол, калий сульфатын , ал тау-кен секторында алтын, темір өндіру бойынша жобаларға қатысуға шақырды.

Айта кету керек, бүгінгі бизнес форумда екі жақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кореялық технологиямен ауруханалар ашуға келісті.

Ғалымжан Тоғызбаев, медициналық клиника басшысы:

- Оңтүстік Корея әлем бағытында денсаулық сақтау бойынша алдағы 3-орында тұр «Блумберг» рейтингімен. Соңғы 15-20 жылдың ішінде осындай нәтижеге  қол жеткізіп отыр Сондықтан олар бізге өте қызықты деп ойлаймын. Сол технологияларды Қазақстанға қазір біз алып келе жатырмыз. Алматы қаласында оңтүстіккореялық клиника аштық. Онда біз диагностика қойып жатырмыз.

Хабар 24 телеарнасы