378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО елдері Ресейдің мемлекеттік сатып алуларына қатысады

  • 62
  • UPD: 08:46, 23.04.2019

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер Ресейдің мемлекеттік сатып алуларына қатыса алады. Бұл туралы Минскіге сапармен барған Ресей байланыс министрі Константин Носков мәлімдеген.

Ресейдің цифрлік даму, байланыс пен бұқаралық коммуникациялар жөнінде министрлігі  бағдарламалық жасақтаманың бірыңғай реестрін шығарды. Мемлекеттік сатып алуға қатысу шарттарының ресейлік компаниялардан еш айырмашылығы жоқ.Ресей өкілі бұл бастамасын Еуразиялық экономикалық одақтың ең ірі инновациялық алаңы - Тибо 2019 көрмесінде көтерді. Осымен 26-шы рет өткен телекоммуникациялар мен ақпараттық технологиялардың көрмесі Минскіде ұйымдастырылды. Онда Одаққа мүше елдердің заманауи озық компанияларының өкілдері бас қосты.  

Мұрат Ахметов, телекоммуникациялық компанияның вице-президенті:
- Біз Қазақстаннан қатысушы ретінде Тибо көрмесіне келдік. Одағымыздың бірыңғай экономикалық кеңістігін цифрландыру бойынша пленарлық мәжіліске қатысамыз. Еліміздің цифрландыруға дайындығы, осы бағытта компанияларымыз бен мемлекеттік органдар қандай жұмыс атқарып жүргенін баяндап береміз. 
Еуразиялық экономикалық одақта ІТ саласын дамыту үшін бірыңғай реестрді құру қажет. Бұл қадам Одаққа мүше елдерге Ресейдің мемлекеттік сатып алуларына қатысуға мүмкіндік берді. Ал бұл миллиардтаған долларға бағаланып отырған нарық.

Олег Гайдукевич, Беларусь либерал-демократиялық партия төрағасының бірінші орынбасары:
- Ең бастысы осы шешім бағдарламалық жасақтаманы шығару және енгізумен айналысатын компанияларға пайда әкеледі. Сондай-ақ Беларусь пен Қазақстан аумағында шетелдік компаниялар жұмыс істеп жүргенін атау керек. Бұл қаражат салуға болатын елдер ретінде тартымдылығын арттырады. Соның ішінде осындай жоғары технологиялық салаларға да.

Ресейдің бағдарламалық реестрі 2016 жылы жұмыс істей бастаған. Қазір онда 5 мыңнан аса жазба бар. Беларусь сарапшыларының болжамынша, 2024 жылы мемлекеттік құрылымдарда ресейлік бағдарламалық жасақтаманың үлесі 90%, ал мемлекеттік компанияларда 70% асатын түрі бар. Осы бағдарламаға Одаққа мүше елдердің қосылуы оларға үлкен мүмкіндік береді.
Олег Чесалов, Минск қалалық кеңесінің депутаты:
- Ең алдымен бұл өсуімізге серпін береді, ең білікті мамандар мен компаниялар тартылады. Сондай-ақ бұл мемлекеттік тапсырысқа ие болудың мүмкіндігі, әрине, бизнес үшін бұл өте қызықты.

Бірыңғай реестр әзірше сынақтан өтіп жатыр. Одаққа мүше елдер осы бағдарлама қалай істейтінін бақылап, одан қандай пайда түсетінін бағалай алады. Осыдан кейін оны Еуразиялық экономикалық одақ деңгейіне шығарады.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы