378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы дәрі-дәрмек зауытының құрылысы келер жылы аяқталады

  • 142
  • UPD: 12:43, 24.04.2019

Атырау облысы бойынша 2015-2019 жылдары 3 триллион теңгеден астам қаржыға 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік индустриалды-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында аймақта 3635 жаңа жұмыс орны ашылды.

Өткен жылы іске қосылған өндіріс орталықтарында 130-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Құны 6,7 млрд теңге болатын 5 жоба қазір нақты жұмыс істеп тұр. «Бұл өңір экономикасына қаржы салғысы келетін инвесторларға қолайлы инфрақұрылымдық жағдай жасаудың арқасы», – дейді мамандар.

Гүлфайруз Маратова, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

– 2019 жылы жалпы құны 7,9 миллиард теңге болатын 3 ірі жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіпорындарда 144 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы біз облысқа инвестиция құйғысы келетін кәсіпкерлермен жұмыс істеуге толық дайынбыз және өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз.

Мұнайлы өңірде жаңадан ашылған кәсіпорындардың бірі – күрделі металл қондырғылар мен барлық талаптарға сай жабдықталған тез құрастырылатын жатақхана ғимараттарын құрастырушы компания. Алғашқы қаржыны өздері салған кәсіпорын басшылары мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау болса, тағы бірнеше цех ашуға дайын екендіктерін жеткізді.

Арман Нұркенов, кәсіпорын директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда бізде 2 цехымыз жұмыс істеп жатыр. Бұл цехтарда 60-қа жуық адам жұмыс жасауда. Бұл екі цехта біз металл конструкция өндіреміз және тез құрылатын блок контейнерлер шығарамыз. Болашақта шетелдік компаниялармен бірге жұмыс істеп, Қазақстанның үлесін арттырғымыз келеді.

Мұнайлы өлкенің мүмкіндіктері зор. Мәселен, келер жылы жалпы құны 7,4 млрд теңге болатын дәрі-дәрмек шығаратын зауыт құрылысы аяқталмақ. Мұнда 80 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Ал мұнай химиясы саласы бойынша салынатын зауытта 85 жұмыс орны құрылып, нысан 2021 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы