378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда инвестиция тартуға не кедергі?

  • 136
  • UPD: 12:30, 24.04.2019

Жыл басынан бері негізгі капиталға 2 трлн теңгеден аса инвестиция құйылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірқатар саланы қаржыландыруға ниетті шетелдіктер бар, бірақ кейбір олқылықтар кедергі. Соның салдарынан кей бәсекелес елдердің бағы жанып кетеді.

Жыл басынан бері Қазақстанның негізгі капиталына 2 трлн теңгеден аса қаражат құйылды. Еліміздегі шетелдік инвестицияны үйлестіру кеңесі көрсеткіштің артатынына кепіл. Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі қаражаттың дұрыс бағытталуын бағдарлайтын болады.

Евгений Кочетов, «Nur Otan» партиясының стратегиялық институты директорының орынбасары:

– Үкімет басындағы адамның осы салаға жауапты болуы капиталдың сақталатынына ғана емес, қазақстандық экономикаға қаржысын құйған кәсіпкерлердің құқығы қорғалатынына кепіл. Бұл – жақсы бастама. Ол әлемдік қауымдастықтың назарына ілігуі тиіс.

Бүгінде Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропаның бірқатар мемлекеті Қазақстандағы тау-кен, жылжымайтын мүлік, көлік саласын қаржыландырып келеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу мен энергетика бағытына инвестиция құйылуда. Кейде бюрократия себебінен қаржысын арқалап келген инвесторды айнытып жіберетініміз болмаса.

Олжас Құдайбергенов, инвестициялық компанияның аға серіктесі:

– Шетелдік инвесторлардың сұрағы көп. Кейде сол сауалдарды шешу үшін бір жыл, екі жыл өтуі мүмкін. Қазір Өзбекстан бізге бәсекелес ретінде сол инвестицияны тартып жатыр. Сондықтан біз инвесторлардың сұрақтарын тез шешуіміз керек.

Елімізде негізгі капиталға құйылатын инвестиция қазір 19 процент деңгейінде, ендігі меже – ЖІӨ 30% дейін жеткізу. Бұл мақсатта 3 деңгейлі кешенді экожүйе жасақталуда. Сәтін салса, Америка, Германия, Жапония сынды 40 елмен келісім жасалады. 170-тен астам жобаға 40 млрд доллар тікелей инвестиция тартылуы мүмкін.

Олжас Құдайбергенов, инвестициялық компанияның аға серіктесі:

– Шетелден келген инвесторларға негізгі екі шарт бар. Біріншіден, тәуелсіз сот, екіншіден, тұрақты экономика. Дағдарыс болмай, теңге тұрақты болса, инвесторлар біздің мемлекетімізге келуге тырысады.

Мамандар еліміздегі инвестициялық ахуалға төмен баға береді. Бұған бюрократиялық олқылықтар себеп. Бір ғана мысал, өткен жылы жалпы инвестиция ағыны артса да, таза кіріс 2 есеге азайған. «Бұл – ойланарлық жайт», – дейді сарапшылар. Өйткені бізге бәсекелес Өзбекстан, Тәжікстан, қырғыз елі шетелдік кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай жасап үлгерген.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Наурыз Базаров, Асхат Қарақойшы

Хабар 24 телеарнасы