378.59 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияның Қазақстанға бағытталған инвестициясы 3 млрд 200 млн долларға жеткен

  • 229
  • UPD: 10:49, 24.04.2019
Түркияның Қазақстанға бағытталған инвестициясы 3 млрд 200 млн долларға жеткен

Қазақстан мен Түркия арасында тауар айналымы алдағы жылдарда 5, келешекте 10 миллиард долларға жеткізу көзделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталмыш межені қос елдің мемлекет басшылары соңғы кездесуінде белгілеген болатын. Екі ел арасындағы қатынастар өзара достыққа, бауырластық пен сенімге негізделген. Сауда айналымы жөнінен Түрік елі Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Екі ел арасындағы сауда көлемі бүгінде 2,4 миллиард доллардан асты. Соның ішінде Түркияның елімізге бағытталған тікелей инвестициясы 3 миллиард 200 миллион долларға жеткен. Сондай-ақ түрік компаниялары шамамен құны 23 миллиард доллардан жоғары 500-ге жуық жобаны жүзеге асырған. Келесі кезек – екі ел арасындағы 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бағдарламасын жүзеге асыру. Ол бойынша, инвесторларды елімізге тарту, бірлескен өндіріс аймақтарын құру және ортақ жобаларды жүзеге асыру қажет. Осы ретте, түрік кәсіпкерлері еліміздегі мемлекет пен жекеменшік әріптестік бойынша ауруханалар мен әуежайларды іске қосуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, Алматыда арнайы кешен ашып, жыл аяғына дейін 300-350 кісіні жұмыспен қамтамасыз етуге бел буған.

Хүсейин Арслан, «Yda» компаниясының басқарма төрағасы:

– Қазақстан – шетелдік инвесторлар үшін мүмкіндігі мол ел. Компаниямыз ретінде Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырдық. Солардың бірі Ақтау әуежайы, Қазақстан ұлттық мұражайы мен бірқатар тұрғын үй кешенін тамамдадық. Ендігі мақсатымыз – мемлекет пен жекеменшік әріптестік бойынша Түркістан қаласы әуежайы мен Алматы және Павлодарда қалалық ауруханаларын іске қосу. Медицина саласындағы кешендерді заманауи құрылғылармен жабдықтау және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Бұл салада тәжірибеміз мол. Түркиядағы алғашқы қалалық ауруханаларды іске қосқан өзіміз.

Долунай Жошкунсу Гөнүл, «Dorçe» компаниясының менеджері:

– Қазақстанмен 18 жылдан астам уақыттан бері мұнай-газ кешендерінде жұмыс жасаудамыз. Теңізшевройл, Қарашығанақпен Маңғыстау облысындағы бірқатар кешенді іске қостық. Қазірде Ақтоғай ауданындағы мыс кен орнының модульдік ғимараттарын салып жатырмыз. Жыл аяғына дейін, Алматы облысында модульдік ғимарат құрылысы кешенін іске қосып, 300-350-ге жуық жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл да – Қазақстанның инвесторларға көрсеткен қамқорлығының нәтижесі.

Хабар 24 телеарнасы