378.59 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде Бельгияның 70-тен астам компаниясы жұмыс істейді

  • 127
  • UPD: 12:48, 24.04.2019

Қазақстан мен Бельгияның инвестициялық ынтымақтастығы нығайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде елімізде корольдіктің 70-тен астам компаниясы жұмыс істеп жатыр. Соңғы 10 жылда Бельгияның Қазақстанға салған инвестициясы 7 миллиард долларды құраған. Маусым айында тағы бір топ бельгиялық кәсіпкер Қазақстанға келеді. 

Қазақстанда жұмыс істейтін бельгиялық компаниялар баламалаы энергия, логистикалық қызмет көрсету, медициналық құрал-жабдықты бағдарламамен қамтамасыз ету саласында еңбек етеді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 460 миллион долларды құраған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 60 процентке артық. Қазақстаннан Бельгияға экспорт көлемі екі есе ұлғайды.

Денис Ван Ден Вейх, Бельгияның Қазақстандағы құрметті консулы:

– Екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазір Қазақстанда ондаған компания жұмыс істеп, өз кәсіптерін өркендетіп жатыр. Бұдан бөлек, сіздің елмен жүздеген бірлестік тығыз байланыс орнатып, өз тауарларын жеткізуде.

Шанталь Де Блё, Валонияның экспорт және инвестиция жөніндегі агенттігінің басшысы:

– Ендігі жерде екі мемлекет жаңа технология, медицина және қоршаған ортаны қорғау саласында серіктестікті дамытуға мүдделі болуы тиіс. Бельгиялық компаниялар өз тауарын тасып қана қоймай, жергілікті мамандарды білімге тартуға дайын.

Бельгия Қазақстаннан ауыл шаруашылық өнімдерін импорттауға мүдделі. Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, әлемде зығыр мен бидай өндіру бойынша алдыңғы орынды иеленетін ел Еуразиялық экономикалық одақ нарығына енуге мол мүмкіндік ашады.

Шанталь Де Блё, Валонияның экспорт және инвестиция жөніндегі агенттігінің басшысы:

– Еуразиялық экономикалық одақ нарығы Қазақстандағы бельгиялық компаниялардың жұмысын жеңілдетеді. Ортақ сертификаттау болғандықтан, өнімді әр елде бекітудің қажеті жоқ. Бұдан бөлек, еуразиялық нарықтың әлеуеті зор.

Бельгиялық компаниялар Қазақстан экономикасына инвестиция көлемін арттыруды көздеп отыр. Алдағы маусым айына жоспарланған қос ел бизнесмендерінің басқосуында осы мәселе жан-жақты талқыланады. 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы