379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар Қытайдың нарық талаптарын терең зерттеу қажеттігін айтады

  • 106
  • UPD: 10:42, 25.04.2019

Астық пен шоколад, мұнай мен газ – бұл еліміздің Қытайға сататын тауарларының бір парасы.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанның экспорттық әлеуеті зор. Тек сұранысты дөп басып, көрші елдегі нарық талаптарын терең зерттеу қажет. Соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы байланысты дамытуға «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасы септігін тигізіп отыр. Осы жобалардың аясында Алматы мен облыста біріккен кәсіпорындар құрылып, әртүрлі өнім өндіріледі.

Алматы іргесіндегі бұл фармацевтикалық зауыт 2014 жылы ашылған. Қазақстандық кәсіпкерлер мен қытайлық инвесторлар жобаға 50 миллион доллар салды. Қазір бұл жерде екі желі жұмыс істеп тұр. Бірі инфузиялық ерітінділерді шығарса, екіншісінде онкологиялық ауруларға қарсы дәрілер жасалады.

Мерей Сламұлы, фармацевтикалық зауыттың атқарушы директоры:

- Ол кезде Жібек жолы енді-енді айтыла бастады ғой. Бұл зауытты құрғаннан кейін Жібек жолының бағдарламасы шықты. Одан кейін біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» деген бағдарламасы шықты. Одан кейін инвестицияға көптеген жеңілдіктер саясаты шықты. Сол саясаттардың бәрі бізге ыңғайлы болды.

Қазір фармацевтикалық компания жылына 70 миллион құты дәрі-дәрмек шығарады. Өнім ішкі нарықтан басқа Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанға экспортталып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Қытай сыртқа көп тауар сатады. Дегенмен біраз дүниені шетелден сатып алады. Мысалы, жыл сайын 59 миллион тоннадай өсімдік майын импорттайды екен.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- Сол сияқты зерттеуіміз керек. Не керек екенін. Қазір олар айтып отыр жем керек екенін айтады. Біз 120 миллион тонна жем аламыз дейді. Сол сияқты біз қандай жем бере аламыз. Арпа керек пе, жүгері керек пе дегендей. Сол үшін біз Қытайды зерттеуіміз керек. Күнделікті не керек екенін.

Шығыстағы көрші ел былтыр 2,14 триллион доллардың өнімін экспорттаған. «Сондықтан Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру керек», – дейді Рахман Алшанов.

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- Үйренуіміз керек. Бір жаққа шығатын болса, олар алдымен көрме ұйымдастырады. Бәріне қатысады. Келген адамдардан сұрайды, зерттейді. Талабы қандай, стандарты қандай дегендей. Қазір Қытайда оқып жатқан балалар аз емес. Балаларға айту керек. Мынаны үйреніңдер. Келгенде жұмысқа алып, оларды қайтадан жіберу керек. Магистратураға, докторантураға жіберіңдер. Қытайды жан-жақты білетін мамандар керек.

Алматыда екі елдің бірлескен кәсіпорындары бірқатар салада жұмыс істейді. Биыл индустриалды аймақта болат құбырларды шығаратын тағы бір зауыт пайдалануға беріледі. Құны 33 миллиард теңге жоба іске асса, жаңадан жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық та өседі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов, Серік Бақбаев

Хабар 24 телеарнасы