378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенатта жаңа заң жобасы қабылданды

  • 200
  • UPD: 17:45, 25.04.2019

Еліміз бен Иран арасында тауар айналымы артады.

Тиісті заң жобасы бүгін Сенатта қабылданды. Құжат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда аймағын құруға бағытталған. Енді 80 миллионнан астам халқы бар Иран нарығына экспортталатын отандық тауарлардың көлемі ұлғайтылмақ. Жалпы былтыр Қазақстан мен Иранның өзара сауда көлемі 516 миллион доллардан асқан. Оның 82 проценттен астамын экспорт құрады. Иранға бізден арпа, болат, рапс тұқымы және қой еті тасымалданған. Енді жаңа заң жобасының аясында аталған елге қоймен қоса сиыр етін, бұршақ дақылдарын, өсімдік майлары мен макаронды, кондитерлік өнімді, рельс рен аккумулятор, арматураны жеңілдетілген тариф бойынша жеткізуге мүмкіндік болады. Себебі, келісімге сәйкес Иран тарапы 900-ге жуық тауарымызға қатысты импорттық баж мөлшерлемесін төмендеткен.

 

Сенат отырысында сондай-ақ экология мәселесі де қаралды. Депутаттардың пікірінше, жергілікті өзін өзі басқару институты мүлде жұмыс істемейді. Себебі халықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты шағымы көп. Сенатор Дулат Құсдәулетов «құзіретті органдар жаһандық мәселелермен айналысамын деп жүріп, жергілікті түйткілдерді байқамай жатады, салдарынан, орталық көшелер ғана жиналып, қоқыс-қалдықтар елді мекен, қалалардың сиқын бұзуда», – дейді.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Энергетика министрлігі жаңа экологиялық Кодекстің тұжырымдамасын дайындап жатыр. Жұмыс тобына Сенат өкілдерін қосуды сұрау керек. Ұсыныстарыңызды жіберіңіздер. Бірге жұмыс істейік. Себебі бұл – маңызды тұжырымдама. Соның негізінде заң жобасы дайындалатын болады.

Хабар 24 телеарнасы