379.46 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы мәрмәр ұнтағының 70% Текеліде өндіріледі

  • 131
  • UPD: 14:04, 27.04.2019

«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы қабылданғалы Текелі қаласының тіршілігі түзеліп, өндіріс орындары да өнім көлемін ұлғайтып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, кәсіпкерлер кенді шаһар аумағынан шығатын мәрмәр тасынан құрғақ қоспа жасауды жүйелі жолға қойды.

Евгений Майерле Қазақстанда алғашқылардың бірі болып құрғақ қоспа шығаруды қолға алған. Бастапқыда шетелге барып, мәрмәр тасын ұнтақтау жолын үйреніпті. Елге келген соң іске кіріскен. Қазір ол осы бағыттағы екінші зауыттың өндірісін жолға қойды. Өткен жылы серіктестігі 23 мың тонна дайын өнім шығарған.

Евгений Майерле, өндіріс орнының атқарушы директоры:

– Тауарды өткізуде ешқандай кедергі жоқ. Ұнтақтың негізгі бөлігін қазақстандық компаниялар сатып алады. Үш-төрт жыл бұрынғымен салыстырғанда, өнім көлемі еселеп өсті. Бұл еліміздегі құрылыс қарқынының артуына байланысты деп ойлаймын.

Өндіріс орнында құрылысқа қажет құрғақ қоспаның сан түрі бар. Үйдің іші мен сыртына да жағатыны және желімдеуге арналғандары да самсап тұр. Микрокольцидтің 80 пайызы мәрмәр ұнтағынан тұрса, қалғаны химиялық қоспа есебінен толтырылады. Кәсіпкерлер оны Германиядан тасымалдап отыр. Отандық өнімге жылдан жылға сұраныс артып келеді.

Тұрысбек Жұмаділов, Текелі қалалық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры:

– Құрылыс саласында қолданылатын құрғақ қоспа деген бар. 5 жыл бұрын 100-120 мың тонна шығарып, мемлекетіміз бойынша жіберсе, қазір 200 мың тонна өнімді мемлекетіміз және басқа елдерге жіберді. 

Текеліде тау тасын өңдейтін осындай 16 кәсіпорын бар. Солардың бірқатары мәрмәр мен гранитті пішіндеп, жолжиек тастарды дайындайды. Бір кездері тұралап қалған өндіріс орны «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 67 млн теңге несие алған. Қомақты қаржыға өндірісін жандандырды.

Николай Пак, өндіріс орнының атқарушы директоры:

– 10 жыл бұрын кәсіпорнымыз тоқтап тұрған еді. Қазір жұмысымыз алға басып, өнімнің сан түрін шығарып отырмыз. Шамамен 2 мың шаршы метр кеспетас, 5 км-ге жетерлік жолжиек тастарды кесіп, құрылыс компанияларына саттық. 

Кәсіпорынның қала аумағында өз кен орны бар. Ол жерден мәрмәр тасын шығарады. Ал гранитті Қапалдан тасымалдап отыр.

Өндіріс орны жыл басынан бері гранит тастарын кесіп, 200 текше метр өнім шығарды. Алғашқы тауарын Орал қаласына жөнелтпек. Ондағы Исатай-Махамбет батыр мемориалды кешенінің құрылысына қолданылады. Ал келесі бөлігі сәулеті келіскен Санкт-Петербургке жіберілмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы