378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропаның ОА-ға құятын инвестициясының 70 проценті Қазақстанға тиесілі

  • 194
  • UPD: 08:04, 01.05.2019

Казақстан – Еуроодақтың Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі.

Аймаққа бағытталған инвестицияның 70 проценті біздің елімізге тиесілі. Сауда айналымы да жыл санап артып келеді.

Елімізде жасалған электровоз әлемдегі ең қуатты техника саналады. Сағатына 120 шақырымды оңай еңсереді. Сондықтан болар Әзербайжан тарапынан сұранысқа ие. Әзірге көршілес елдің теміржол депосын 40 локомотив толықтырады. Бастысы, ашылғанына он жылға жуықтаған кәсіпорынның өнімдері экспортқа шығарыла бастады.

Жюльен Роже Ноди, электровоз құрастыру зауытының бас директоры:

- Біз локомотивтерге арналған ауыр трансформаторлар шығара бастадық. Тапсырыс берушілердің сұрауымен жергілікті өнімнің үлесін арттырдық. Отандық жабдықтарды 25-тен 50 процентке дейін көбейтеміз. Қазір 6 қазақстандық компания металл жеткізеді. Жоғары талаптарға сай болу үшін еңбек етеміз. Өйткені өнімдеріміздің сапасы біз үшін маңызды.

Еліміз қазір Еуроодақпен сауда-экономикалық байланысты нығайтып, экспортты арттыруды көздейді. Зауыт осы бағытта ел экономикасына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы көлік дәлізі екенін ескерсек, теміржол саласының әлеуеті зор.

Жюльен Роже Ноди, электровоз құрастыру зауытының бас директоры:

- Біздің кәсіпорын алдына үлкен міндет қойып отыр. Теміржол табаны 1520 милиметр болатын елдерге электровоз жеткізу. Бұлар – Ресей, Украина, Латвия, Балтық жағалауы елдері. Қазақстанның қолдауымен ол мемлекеттермен байланыс орнаттық. Мүмкіндігіміз ауқымды.

Еуропаның Орталық Азияға құятын инвестициялар үлесінің 70% Қазақстанға тиесілі. Елімізде қазір 24 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Ал Еуроодақ елдерімен тауар айналымы 34 млрд доллардан асады.

Әнуарбек Ахметов, ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры:

- ЕО – саяси, сауда-экономикалық қатынаста маңызды серіктес. Себебі, біздің елге тартылатын инвестициялардың жартысы Еуроодаққа тиесілі. Тауар айналымындағы үлес кейде тіпті  50% асып жығылады. Бұл сапалы инвестиция.

Ивестицияның игілігін бұл күнде алпауыт компаниялармен қатар шағын кәсіпорындар да көріп отыр. Жанна Өскенбаева кәсіпкерлік жолын бұдан 20 бұрын елордада дүңгіршек ашып бастаған. Өз ісін дөңгелету үшін Еуразиялық қайта құру және даму банкінен несие алады. Сөйтіп бизнесі өркендеп, қазір кашемир өнімдері өндірісін қолға алған.

Жанна Өскембаева, кәсіпкер:

- Мен өнім сапасын арттыру арқылы Еуропа нарығына шығуды көздедім. Бұл мақсатты жүзеге асыруға маған Еуразиялық қайта құру және даму банкі көмектесті. Ойланбастан олардың сайтына кіріп, өтініш жаздым. Себебі, 20 жыл бұрын өз ісімді бастауға солардың несиесі көмек болған еді.

Банк мамандары бизнес-жоспар жасаумен қатар қажетті серіктестер мен Еуропа нарығына шығуға жол ашқан. Кәсіпкер өз өнімдерін Миландағы сән апталығында көрсеткеннен кейін, еуропалық брендттермен бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныстар түскен.

Агрис Прейманис, ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры:

- Біздің бірнеше міндетіміз бар. Біріншіден, елдің дамуына көмектесу. Екіншіден, біздің Қазақстанға құйылатын кез келген инвестициялар коммерциялық болуы тиіс. Еуропадағы қайта құру және даму банкі Қазақстанға шамамен 9 млрд доллар инвестициялаған және біздің портфеліміз 8,3 млрд долларды құрауы Қазақстанға инвестиция құю табысты дегенді білдіреді.

Бұл күнде сыртқы нарықты бағындыра бастаған Қазақстанның әлеуеті жоғары. Табысты серіктестіктің басты факторлары – саяси тұрақтылық, қолайлы инвестициялық ахуал.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы