379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміз Грузияға астық экспорттау үшін субсидия бөледі

  • 176
  • UPD: 11:28, 02.05.2019

Грузия қазақстандық бидайдың импортын арттыруға ниетті. Осы мәселені елдің экономика министрі Натия Турнава Қазақстандық әріптестерімен талқылаған.

Келіссөз кезінде Қазақ елі астық тасымалына субсидия бөледі деп келісті. Бұл тарифтердің екі есе азаюына әкеледі. Грузия үшін тиімді шешім болғаны анық, себебі олар соңғы үш жылда қамбадағы астықтың 90 процентін Ресейден тасып қамтыды.

Осыдан бес-алты жыл бұрын Грузия импортындағы қазақстандық бидайдың үлесі 45 процент болған еді. Сол уақытта Қазақстан үкіметі экспортқа кететін астық тасымалына субсидия бөлетін. Бұл өнімнің бағасын тиімді етті. Алайда жәрдемақы тоқтатылған соң Грузияға импорт көлемі айтарлықтай азайған. Қазір қос ел үкіметі қайта субсидия бөлуге және тарифті 50 процентке азайтуға келісті. 

Леван Силагава, Грузия астық пен нан бұйымдары өндірушілері қауымдастығының төрағасы:

- Бұл бәсекелес бағамен бидай жеткізудің жақсы құралы. Қазақстаннан Грузияға астық Ресей мен Әзербайжан аумағы арқылы түседі. Барлық шекараны өткенде тасымалдауға қанша шығын кететінін және оның қай бөліктеріне субсидия бөлінетінін түсінуіміз керек. Сонда бағасы қаншалықты арзандайтынын білеміз.

Әзірше Грузияны бидаймен негізінен Ресей қамтамасыз етіп жүр. Соңғы үш жылда ресей астығының үлесі 90 проценттен асты. Бір тоннасы шамамен 244 доллар тұрады. Наубайшылар одағы нарықтарды әртараптандыру пайдалы болады деп санайды. 

Малхаз Долидзе, Грузия наубайшылар одағының төрағасы:

- Бұл нарықты тұрақтандырып, нанның бағасына әсер етеді. Ресей мен Қазақстан бидайын араластырып ұн тартсақ, өнімнің сапасы өседі. Грузияда астықтың ішкі өндірісін арттыруға бағытталған түрлі бағдарламалар бар. Бірақ сұранысымызды толықтай жабу үшін әлі де талай уақыт кетеді.

Субсидиялар қашан бөліне бастайтыны әлі белгісіз. Жақын арада Грузия премьер-министрі Қазақстанға жұмыс сапарымен келуі тиіс. Бұдан соң осы мәселе бойынша нақты шешім қабылданады.

Авторы: Татия Джанибегашвили

Хабар 24 телеарнасы