378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2025 жылы Түркістан өңіріне 5 млн-ға жуық турист келеді

  • 180
  • UPD: 09:30, 06.05.2019

Түркістанның туристік әлеуеті артып келеді.

Жыл басынан бері киелі шаһарға Индонезия, Сингапур, Малайзия және Ресейдің Саха республикасынан туристік операторлар мен БАҚ өкілдері келіп, туризмді бірлесіп дамытуға уағдаласты.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Расында соңғы 1 жыл ішінде Түркістан жұрттың назарында. Отандық БАҚ құралдары мен шетелдік басылымдар тарихи шаһар жайында жарыса жазды. Оған алдымен Елбасының Түркістанды облыс орталығы етіп, барша түркі халықтарының рухани астанасына айналдыру туралы бастамасы сеп болды.

Жалпы Түркістан облысында түркі әлеміне ортақ құндылықтарды насихаттау, медиа қауымдастықтардың еларалық байланысын нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Кеше ғана Түркістан өңіріне Ресейдің Саха Республикасынан бір топ журналистер саяхаттап келді.

Сапар аясында қонақтар Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен танысты. 13 ғасырдың ерекше археологиялық ескерткішінің тылсымына қанықты.

Галина Бачкарева, РФ Саха республикасы журналистер одағының төрайымы:

– Біз түркітілдес халық болғандықтан, қазақ елін бауыр тұтамыз. Қазақстанға әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істейтін 26 журналист келдік. Барлығымызда да қазақ топырағын алғаш рет басып отырмыз. Алдымен Нұр-Сұлтан қаласына бардық, елордаларыңыз керемет қала екен. Одан кейін Шымкентке келдік. Енді міне Түркістанға табанымыз тиіп отыр.

Жыл басында индонезиялық туристік операторлар аймақ басшысымен кездесіп, туризмді бірлесіп дамытуға уағдаласқан болатын. Себебі Индонезияда Қазақстанды, оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін және өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді көргісі келетін саяхатшылардың қатары қалың екен. Сондай-ақ жақында киелі шаһарға Малайзияның 12 жетекші туристік операторы келді. Оларға Түркістан өңіріндегі көрнекті орындар таныстырылып, «Ұлы Жібек жолы» тақырыбында экскурсия ұйымдастырылды.

Жасұлан Төлебеков, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары:

– Жеке инвестицияның есебінен 19 қызмет көрсету нысандары бой котеруде. Шетелдік туроператорларды осында әкеліп, туристік нысандарымызды көрсетіп, туристер алып келу бойынша келісімшарт жасастық. Біздің туристік нысандарды сандық жүйеге енгізіп, билет алу, кіру, шығу, туристер санымен біздегі айырмашылықты сандық жүйе арқылы жоюды көздеп отырмыз.

Қазір Түркістан алып құрылыстың орталығына айналды. Мұнда шығыстық үлгідегі ғажайып ғимараттар салынып жатыр. Алдағы жылдары киелі шаһар сауда-саттығы қайнаған, тарихи-мәдени орындарына саяхатшылары ағылған нағыз туризм орталығына айналмақ. Өткен жылы өңірге 1,5 млн-ға жуық саяхатшы мен зияратшы келіпті. Ал туристік индустрияны дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылы Түркістан өңіріне 5 миллионға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш Самат Қазанбай

Хабар 24 телеарнасы