378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Сыбағаға» сын. Қазақстандық шаруалар ірі қараны шетелден әкелуге неге үйір?

  • 98
«Сыбағаға» сын. Қазақстандық шаруалар ірі қараны шетелден әкелуге неге үйір?

Өзімізде өсірілген асыл тұқымды ірі қараларға сұраныс төмендеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетінен сойылып жатыр. Қазір біздің жұрт қымбат малды шетелден әкелуге үйір. Себебі импортталған әрбір басқа субсидия төленеді. Ал өз малымызға қолдау кемшін.

Осылай деп шағымданған кей шаруа мен депутат «Сыбаға» бағдарламасына өзгеріс енгізу керек деп отыр.

«Сыбаға» бағдарламасы қабылданғалы біраз шаруа мал басын өсіріп алды. Қалай? Бірталай бұзау, сиыр өзге елдерден тасымалданды, қып-қызыл ақшаға.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Берісі Ресей, әрісі Канада, Австрия, Германиядан асыл тұқымды төлдерді əкелу үшін азаматтарымыз долларлап ақша жұмсады. Сəйкесінше енді асыл тұқымды ірі қараларды шетелден тасымай-ақ, өзіміздегілердің басын көбейтсек те болар еді. Бірақ біздегі малдарды сатып алу үшін бір тиын да субсидия төленбейді. Көмек қаржыны алу үшін ірі қаралар міндетті түрде импортталуы керек.

Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Егер шетелден алып келетін болсаңыз, әр сиырдың басына 250 мың теңге субсидия беріледі. Егер отандық сиырды алатын болсаңыз, 1 теңге де субсидия ала алмайсыз.

Импорттаудың өзі оңай емес. Біріншіден, транспорттық шығын бар. Екіншіден, кеден салығын төлеу керек. Үшіншіден, ірі қараларды алып келген соң, бірден қораңызға кіргізе алмайсыз. 90 күн бойы арнайы карантиндік аумаққа апарып, қоюыңыз қажет. Ол да әжептәуір ақша. Сондықтан шетелден мал әкелу тек ірі қожалықтар ғана тиімді. Импортқа басымдық берілгеннен кейін, біздің асылтұқымдыларға сұраныс та жоқ.

Марат Шәріпов, шаруа:

– Ресейден 250 бас герефорд алып келдім. Өзімде 1000 бас бар. Менің 2 жылдан кейін мерзімім келеді. Ал екі жылдан кейін мен несиені қалай төлеймін.

Өзіміздің асылтұқымды сиырларды сатып алғандарға субсидия төлемеу өз алдына. «Қазагро» холдингі қойған бір талап бар. Шаруалар өсірген торпақ, бұқаларын тек 1000 бас ірі қарасы бар қожалықтардың мал бордақылау алаңдарына ғана өткізе алады.

Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ол өзінің ауылында немесе ауданында сатып аламын деген азаматтарға сата алмайды. Басқа облыстарға немесе бір облыстың ішіндегі басқа бір ауданға немесе 400-500 шақырым жердегі мал бордақылау алаңдарына тапсыруы керек. 

Сондықтан шаруалар жаппай Парламент пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүгініп жатыр, көмек сұрап. Ал салаға жауапты вице-министр алдағы уақытта отандық асылтұқымды малдарды өсіріп отырғандарға жаңаша қолдау болатынын айтты.

Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Бүгінгі таңда шетелден мал әкелу үшін несие 15 жылға дейін беріледі. Жылдың үстемесі 4 процентен аспайды. Ал отандық малды сатып алу үшін қаржы 10 жылға беріледі. Бірақ оған субсидия жоқ. Қазір осы мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінде қаралып жатыр. Яғни «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2-3 айда жаңа жоба әзірленіп, нақты бір шешімге келеміз.

Осыдан 5 жыл бұрын отандық ірі қараларды өсіру үшін бюджеттен 47 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесі болды. Қазір елде 300 мыңнан артық отандық асылтұқымды мал бар. Бірақ одан әрі көбейтуге демеу болмаған соң шетінен сойылып жатыр. Тағы 5 жылдың ішінде 80 жылдық тарихы бар ақбастардың құрып кетпесіне кім кепіл? Не істемек керек?

Авторлары: Қорған Төреқожа, Марат Диханбаев, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы