379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтандағы ШОБ нысанының үлесі 50 проценттен асты

  • 76
  • UPD: 10:52, 14.05.2019

Еліміздің бас шаһарында шағын және орта бизнес нысандарының саны 125 мыңнан асып жығылады.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша субъектілер  қатары айтарлықтай артқан. Дегенмен, тоқмейілсуге болмайды. Сала мамандары 2025 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін барынша арттыру мақсатын қойып отыр. Әзірге елорда кәсіпкерлері көш басында.

Елімізде шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалған. Кез келген кәсіпкерлік түрін қолға алуға мүмкіндік бар. Сондай кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі Зәуре Серікбаева. Оның бизнес-жобасы да ерекше. Мұнда келішулердің көбі асыл тұқымды мысықтарды қызықтайды.

Мұнда мысықтың түр-түрі бар. Соған орай келушілер қатары да арта түскен. Жалпы осы тектес орындар Жапония мен Оңтүстік Кореяда жоғары сұранысқа ие.

Зәуре Серікбаева, кәсіпкер:

- Мақсат гаджеттерге телмірген балалардың бос уақытын тиімді ету, сонымен қатар экологиялық мәдениет пен үй жануарларына деген қамқорлық дағдыларын қалыптастыру.

Осыған қарап бизнесті ұйымдастыруда тапқырлық пен ерінбегеннің еңбегі жанатынын байқауға болады. Яғни пайда табудың жолы көп.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Осы тектес экологиялық және әлеуметтік жобалар көбінесе дамыған мемлекеттерде кең тараған. Ал біздің ел үшін таңсық дүние. Дегенмен, бұл жоба авторларын қорқыта қоймады. Керісінше бизнестің жаңашыл түрлерін дамытуға мүмкіндік туғызды.

Елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қолға алынғалы белгілі. Осы бағытта 600 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 200 млрд теңгесі агроөнеркәсіп саласына бағытталса, қалғаны экономиканың басым секторларына бөлінді. Ал кәсібін мемлекет тарапынан қолдау бар, бағыт – айқын. Демек, бизнес өрістей бермек.

Әділет Тілепов, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция басқармасының бөлім басшысы:

- Шағын және орта бизнестің қала экономикасындағы үлесін 50%-ке арттыру мақсаты қойылды. Бұл тапсырма орындалды, көрсеткіш 54%-тен асты. Осы көрсеткіш бойынша елімізде көш басындамыз. 

Айта кетерлігі қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банктерде 350-ден астам өтініш қарастырылып жатыр. Ал қолға алынатын жобалардың жалпы құны 310 млрд теңгеден асады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Ерлан Наурызбаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы