389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында тұрғындардың 42 проценті жеке бизнес ашқан

  • 317
  • UPD: 11:39, 14.05.2019

Маңғыстаулықтардың 42 проценті жеке бизнес ашқан. Өз бетімен табыс табуға жастардың да қызығушылығы жоғары.

Аймақ тұрғындары бір ғана «Нұр Капитал» өңірлік жобасына қатысу үшін аптасына 5-10 жоба ұсынады. Бүгінде 77 кәсіпкерлік бастама мақұлданып, бір пайызбен 1,5 млрд теңге несие берілген. Нәтижесінде өңір бойынша 700-дей жаңа жұмыс орны ашылды. 

Жиһаз құрастыру цехының жұмысшысы жаңа станокта ағаш кеседі.

Болатбек Нұрмағамбетов, жас кәсіпкер ашқан жиһаз құрастыру цехында еңбек етеді. Мұндағы озық үлгідегі технологияларды қысқа мерзімде меңгеріп алған. Аптасына алты күн жұмыс істеп, берілген тапсырманы тиянақты орындап жүр.

Болатбек Нұрмағамбетов, қала тұрғыны:

- Осы цехта жасап жатқаныма 3-4 жыл болды. Осында құрастырушы болып жұмыс жасаймын. Жұмысымыз өзімізге ұнайды, айлықты уақытында алып тұрамыз.

23 жастағы Артем есімді кәсіпкер бұл цехты осыдан үш жыл бұрын ашқан. Өңдеу өнеркәсібі саласын қолға алған ол, шағын кәсіпті қолдау бағдарламасына қатысып, төмен пайызбен несие де алды. Берешек қаражатын өндіріске қажет станоктар алуға жұмсапты. Сәйкесінше, мұнда жаңа жұмыс орындары құрылған.  

Артем Чигин, жеке кәсіпкер:

- Өндіріс орнында жиырма адам жұмыс істейді. Басым көпшілігі өзім секілді жастар. Мемлекеттік бағдарлама көмегімен алған станоктарды арнайы шақыртылған мамандар үйретті. Қазір тапсырыстар облыс бойынша келіп түседі. Алдағы бес жылда нығыздалған ағаш тақтайлар шығаруды қолға аламыз.

Соңғы жылдары Маңғыстау өңірінде орта және шағын бизнестің дамуы қарқынды. Қазірде 53 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан өз жұмысын жалғап келеді. Айта кетелік, бұл өткен жылға қарағанда 9 процентке артық көрсеткіш.

Венера Мұстапаева, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында 126 мың адам жұмыс істейді. Яғни аймақ тұрғындарының 42 проценті кәсіпкерлікпен шұғылданады. Және оның былтырғы жылмен салыстырғанда 16 процентке өскенін көріп отырмыз. Осыдан 10 жыл бұрын осы саладағы көрсеткіш бар-жоғы 18 проценттен сәл асатын. Әрине бұл Маңғыстау облысында бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік және аймақтық жобалардың нәтижелі жүзеге асуының жемісі. 

«Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы осы өңірде 2010 жылдан бері сәтті жүзеге асып келеді. Оның аясында алғаш кәсіп бастаған тұрғынның дені бүгінде аяғына нық тұрған. Сондай-ақ «Еңбек» жобасына да халықтың қызығушылығы жоғары. Тек өткен жылдың өзінде 500-ге тарта адамға 2,2 млрд теңге микронесиелер берілген.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы