378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Каспий порттары және кеме қатынасы» көрмесіне 19 мемлекеттің өкілдері қатысуда

  • 117
  • UPD: 16:02, 15.05.2019

Ақтауда алғаш рет «Каспий порттары және кеме қатынасы» тақырыбында жаһандық маңыздағы көрме өтіп жатыр. Аталған шара екі күнге созылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оған 300-ге тарта теңіз, теміржол, көлік және логистикалық компаниялардың өкілдері қатысуда. Көрме алдында өткізілген жиында Каспий теңізіндегі порттардың көлік инфрақұрылымын дамыту, арадағы әріптестік қарым-қатынасты одан әрі жандандыру туралы сарапшылардың ұсыныс-пікірі тыңдалды.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Маңғыстау өңірі Каспийдің шығыс жағалауымен шектесіп жатыр. Теңіз, теміржол және автокөлік жолымен жүк тасымалы тоқтаусыз өтетін аймақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытай-Түркия-Еуропа транзиттік дәлізінің маңызды бөлігі саналады.

Яғни екі бірдей теңіз айлағы бар аймақтың Қытайдан Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға шығатын тауар айналымын арттыруға қосатын үлесі зор. Ал оны дамытудың жаңа жолдарын талдау үшін халықаралық сарапшылар Ақтауға келді. Алқалы жиында Каспий маңы мемлекеттері үшін ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған тұщымды кеңес, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Гизмат Гозалов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары:

- Күні кеше Ақтау теңіз айлағында Түркі кеңесі бауырлас порттары өкілдерінің басын қосқан үшінші жиын өтті. Басқосуда Каспий арқылы тасымалданатын жүк көлемін арттыру жолдары кеңінен талданды. Қазақ елі теміржол желілерін жаңғырту, порттардың инфрақұрылымын дамыту салаларына зор көңіл бөліп, қомақты инвестиция салуда. Сәйкесінше Транскаспий көлік бағдарындағы өз орнын шегелеп алды. Осы мемлекет арқылы 2016 жылы 23 мың контейнер су жолымен шетел асқаны мәлім. Енді осы көрсеткішті еселеу үшін барынша қолдау білдіруге әзірміз.

Жиыннан соң жаһандық көрменің ресми ашылуына еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мен аймақ әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.

Бұл көрмені «Transport Events Management Ltd» халықаралық агенттігі мен «Ақтау теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы бірлесе ұйымдастырған. Оның негізгі стратегиялық әріптесі ретінде «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» дүниежүзілік ассоциациясының өкілдері шақырылды. «Каспий порттары және кеме қатынасы» тақырыбындағы шараны өткізуге жоғарыда аталған агенттіктің араласуы бекер емес. Ол 2001 жылдан бері кеме қатынасы, экспедитор және көлік логистика салаларын қамтитын ірі көрмелерді әлем елдерінде өткізіп жүр. Бас кеңсесі Малайзияда орналасқан компания өкілдігі біздің елімізде де бар.  

Рори Джи Дойл, Халықаралық көрмелерді ұйымдастырушы агенттіктің өкілі:

- Көрменің Ақтауда өтуі Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағдарындағы маңызды түйін екендігін айғақтайды. Қазақ елінің басты теңіз қақпасы стратегиялық тұрғыдан тиімді жерде орналасқан. Яғни Ақтау портымен байланыс орнатуға су жолы арқылы жүк тасымалын жүзеге асыратын әлем елдерінің қызығушылығы жоғары. Екі күндік шара соңына дейін бірнеше жаңа әріптестік келісімдердің болары сөзсіз.

«Каспий порттары және кеме қатынасы» атты І халықаралық көрмеге шартараптың 19 мемлекетінен бас-аяғы 217 делегат қатысуда. Олардың қатарында Еуропа және Азия, Таяу Шығыс елдеріндегі алпауыт теңіз порттарының өкілдері бар. Әрқайсысы Каспий бассейні және оған құйылатын су арналары арқылы қазақ елімен жүк тасымалын орнатуға мүдделі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы