378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жалпы ішкі өнім 4%-ке өсті

  • 109
  • UPD: 23:31, 14.05.2019

Таяу жылдары басқа-басқа отандық ауыл шаруашылығы өнімдері де онлайн саудаға шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алысқа бармай-ақ көрші Қытайдың тәжірибесіне үңілсек, осы істен көпкөрім пайда көріп отырғанын байқаймыз.

Жалпы электронды коммерция дегенге қазір жаһан жұрты бет бұра бастады. Біздің ел де осы көштен қалмақ емес. Бүгін Үкімет басшысы жауапты министрліктерге онлайн сауданы дамытудың 2025 жылға дейінгі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Әлем электронды коммерцияға көшті. Мәселен, АҚШ, Қытай, Ұлыбританияның әрбір екінші тұрғыны тауарды интернет арқылы сатып алады. Осы онлайн сауданың тиімділігін қазақстандықтардың үштен бір бөлігі сезінген. Мұндай өсімге Қазақстанның географиялық ыңғайлы орналасуының өзіндік үлесі бар. Болжам бойынша Қытайдан Ресей және Еуропаға жеткізілетін сәлемдемелер көлемі геометриялық прогрессия бойынша өседі. Болжам бойынша Қазақстан арқылы пошта тасымалының транзиті алдағы 6 жыл ішінде 12 есе ұлғаяды және сәлемделелер саны жылына 800 миллионнан асып жығылуы тиіс.

Асқар Жұмағалиев, ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Транзиттік әлеуетті пайдалану үшін басқа елдердің пошта операторларымен, сондай-ақ ірі сауда интернет алаңдарымен жұмыс жасалуда. Сонымен қатар Қытайдың ауылшаруашылық тауарларын интернетте сату тәжірибесі ескеріледі. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда ынталандыру және ұлғайту мақсатында отандық ауылшаруашылық бизнесін ірі интернет сауда алаңдарына шығару қажет деп есептейміз.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Электрондық коммерция – бұл әлемдік тренд және сервистік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Электрондық сауда-саттық экономиканың қарқынды дамуына үлкен серпін беретін әлеуеті жоғары. Сондықтан осы мақсатта транзиттік мүмкіндіктерді және көлік-логистикалық инфрақұрылымды тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған орай Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірге электронды коммерцияны дамыту жөнінде 2025 жылға дейін Жол картасын бір айдың ішінде әзірлеуді тапсырамын. Оны Үкімет деңгейінде бекітетін боламыз.

Электронды саудадан бөлек Үкіметте талқыланған басты тақырыптардың бірі отандық экономиканың қазіргі аяқ алысы. Биыл алғашқы төрт айда жалпы ішкі өнім 4 процентке артты. Құрылыс, сауда-саттық, көлік саласы және жеңіл өнеркәсіп өсім көрсетіп, экономиканың драйверіне айналды.    

Руслан Дәленов, ҚР ұлттық экономика министрі:

- Өңдеу қарқынының артуына мұнайды қайта өңдеу, машина жасау және сусындар өндірудегі өсудің үдерісі, сондай-ақ фармацевтиканың плюстық аймаққа шығуы әсер етті.

Жиында жетістіктермен қатар кенжелеп қалған тұстар да айтылды. Әңгіме Маңғыстау, Ақмола облысы және елордадағы баяулап қалған құрылыс пен тартылған инвестиция көлеміне қатысты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету қажеттілігін тағы да бір рет атап өткім келеді. Осы ретте қолда бар әлеуетті тиімді пайдалану қажет. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және индустриалды-инновациялық даму және басқа да салалардың мемлекеттік бағдарламаларын сапалы және толығымен орындалуын қамтамасыз ету қажет. Осы бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде экономиканың дамуына үлкен серпін береді.

Басты міндет – бюджет қаржысының тиімді әрі уақтылы игерілуі. Үкімет басшысы осыны айтты. Себебі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында кемшін тұстар бар. Ал «ұзын арқау, кең тұсау» экономиканы ақсатады. Сондықтан қолға алған жобалардың уақтылы іске асырылуы үнемі қадағалауда болады.  

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Аят Дүсембаев

Хабар 24 телеарнасы