378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арменияда қазақстандық кондитерлік өнімдерге сұраныс артты

  • 83
  • UPD: 08:07, 15.05.2019

Арменияда қазақстандық кондитерлік өнімдерге сұраныс артып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елге бір жылда Алматы мен Қостанайда өндірілген 700 мың келі кәмпит импортталған. Армяндық тауар нарығының сыйымдылығы айтарлықтай үлкен емес. Алайда бұл сауда көрсеткіштері кәдімгідей ауқымды.

Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді тұстары көп. Мысалы, армяндық дүкендерден қазақстандық кондитерлік өнімдерді сатып алуға болады. Онда бұл тауардың түрі мол.

Силва Арутюнян казақстандық кәмпиттердің тағы бір топтамасын өз дүкенінің сөресіне орналастыруда. Оның айтуынша, бұл өнімдер сатуға енді ғана қойылса да, тұтынушылар тәттілердің бұған дейін дәмін татып үлгерген. Сол себепті халықтан сұраныс көп.

Силва Арутюнян, дүкен менеджері:

- Қазақстандық кәмпиттерді шамамен бір жылдан бері сатып келемін. Сауда табысты. Адамдар дәмді деп мақтайды. Өтімі жақсы.

Жаңа «тәтті брендтер» жергілікті нарыққа бір жылдан астам уақыт бұрын енген. Дистрибьютерлік компаниялардың айтуынша, алғашқыда айына тек тәттілер тиелген бір-екі жүк көлігі ғана келетін. Ал қазір қазақстандық импорттың көлемі айтарлықтай артқан.

Ани Хачатрян, дистрибьютерлік компанияның бөлім жетекшісі:

– Шамамен 700 мың келі кәмпит импортталды. Бұл – 40-45 жүк көлігіне тиелген тауар. Нарықты зерттеу үшін деп қарасақ, бұл тауар көлемі тамаша көрсеткіш. 

Дистрибьютерлік компаниялар жақын арада армян базарларындағы қазақстандық кәмпиттердің көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. «Егер логистикалық жүйе дұрыс жолға қойылса, алыс жолдар кедергі емес» – дейді Ани Хачатрян.  

Ани Хачатрян, дистрибьютерлік компанияның бөлім жетекшісі:

– Егер Қазақстан мен Ресейдің логистикасын алып салыстырса, онда айқын сұрақтар бар. Бірақ жалпы алғанда, көптеген жергілікті қазақстандық тасымалдау компанияларында белгілі жүйе қалыптасқан.

Қазақстандық кондитерлік фабрикалардың Армениядағы ресми өкілі жаңа тәтті өнімдерді елдің барлық аймағындағы мыңдаған сауда нүктесіне өткізеді. Бүгінгі таңда Мade in Qazaqstan өнімі ірі қалалармен қатар, республиканың алыс шалғайларындағы ауылдарға дейін жеткізіледі.

Авторлары: Ертай Нүсіпжанов, Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы